Аграрлық салада «Не ексең, соны орасың»деген мақал бар. Менің ойымша, Президентіміздің кешегі сөйлеген сөзі бәрімізге еліміздің осы жаһандық дағдарыстан лайықты шыға алатынына сенім туғызды.
Сондай-ақ маған Мемлекет басшысы деңгейінде бірінші рет еліміздегі егіс науқанына теңдесі жоқ қолдау көрсеткені ұнады. Пандемияның арқасында біз тағы да өз ауыл шаруашылығымызды дамытудың қажеттігін түсініп, ащы сабақ алдық. Осыдан кейін мемлекетімізде аграрлық саланың бірінші орында болу керектігін түсінген шығармыз. Дана халқымыз: «Алтын-күміс тас екен, арпа-бидай ас екен» деп бекер айтпаса керек... Біздің еліміз басқа мемлекеттерге тәуелді болмай, өз азаматтарын азық-түлікпен қамтамасыз етуі тиіс, бұл еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі болып табылады. Ол үшін аграрлық және биологиялық ғылымдарды дамытуға, жоғары білікті кадрларды даярлауға қаржы үнемдеуді қою керек.
Биылғы егіс маусымын өткізуге келетін болсақ, мемлекет бұл үшін барлық қажетті шараларды қолға алды. Енді, ең бастысы, бөлінген несиелердің осы көмекті қажет етіп отырған орта және ұсақ фермерлік шаруашылықтарға жетуі маңызды. Біздің университет оқытушылары студенттерді қашықтықтан оқыту бойынша жұмыстың көптігіне қарамастан, Қазақстанның негізгі астық егетін облыстарында көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу бойынша ұсыныстарын дайындауда. Тұқымдық материалды сараптауды аяқтаймыз. Қазіргі уақытта Солтүстік облыстардағы 24 элит-тұқым шаруашылықтарының тұқымдары тексерілді.
Бұдан әрі осы жылдың агротехнологиясының ерекшеліктері бойынша фермерлер үшін семинарлар мен кеңестер өткіземіз. Айта кету керек, бұл жұмыстар үшін бізге ешкім ақы төлемейді, оған фермерлердің артық қаржысы жоқ. Біздің ғалымдар мұны жақсы түсінеді. Бірақ осындай дағдарыс кезіндегі алдағы егін салу науқанында қол қусырып отыруға болмайды. Биылғы жылы егіс алқаптарында ылғалдың жеткілікті болуы да қуантады. Бұл жылда астық мол болу керек. Оған қоса мемлекет тарапынан осындай қолдау көрсетіліп отырғанда, еліміздің аграрийлері жақсы өнім алуы тиіс. Оларға сәттілік тілейміз!
Ақылбек Күрішбаев,
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры