Маңғыстау облыстық жедел және шұғыл медициналық көмек станциясына шақыртулар саны артқан. Аға фельдшер Фатима Қанатбаеваның айтуынша, кей тұрғындар сәл қызулағанға да «103» қызметіне телефон шалуды көбейткен, деп хабарлайды Маңғыстау облыстық денсаулық сақату басқармасының баспасөз қызметі.
-Халықты түсіністікпен қарауға шақырамыз. Бізде шақыртудың үш санаты болады. Біріншісінде жедел жәрдем бригадасы 10 минутта жетуі тиіс. Мүмкіндігінше уақытынан бұрын баруға тырысамыз. Алайда кейде кешігетініміз рас, оның бірнеше себебі бар. Көбіне жолда кептеліс көп болады, маман тапшылығы да қиындық туғызып отыр. Қазіргі жағдайға байланысты медицина қызметкерлеріне құрметтің артқанын байқадық, жаны жомарт жандар ыстық тамақпен қамтамасыз етуді жауапкершілігіне алды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қосымша жалақы қарастыру жөніндегі шешіміне дән ризамыз, дейді ол.
Жедел жәрдем қызметіне бұрын тәулігіне 600-ге жуық шақырту түссе, бүгінде орталықтандырылған диспетчерлік бөліміне 900-ден астам шақырту түседі. Жедел жәрдем бригадасын тасымалдаушы темір тұлпарлар тәулігіне 24 сағат, жылына 365 күн тынымсыз жолдарда жүреді. Сол себепті жиі істен шығып қалады.
Бір көлікті төрт жүргізуші ауысыммен жүргізеді. Қазір облыс орталығының өзінде күніне 20 көлік кезекшілікке шығуға тиіс болса, оның тек 10 ғана жүріп тұр. Ал қалған арнайы автокөліктер жөндеуді қажет етеді. Тағы бір мәселе, көлік жүргізушілері мәдениетінің төмендігінде. Жол-көлік оқиғасына түскен жедел жәрдем қызметінің үш көлігі гаражда тұр. Сот шешімі шықпай, олардың жолға шығуына рұқсат жоқ. Ал сотта қаралатын әкімшілік істер бірнеше айға созылуы мүмкін.