• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Сәуір, 2020

Маңғыстау: қашықтан оқытуға барлық мүмкіндіктер жасалуда

325 рет
көрсетілді

Қашықтан оқыту кезінде онлайн оқыту қолданылмайды. Қазіргі таңда Маңғыстау облысында қашықтан оқытуға барлық мүмкіндік қарастырылуда және онлайн сабақтарды жүргізуге дайындық жүргізілуде. Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Қаныбек Жұмашев айтты.

Маңғыстау облысындағы  149 068 (99%) оқушыда электронды құрылғы, 150 771 оқушының (99,9%) үй жағдайында интернетке қосылу мүмкіндігі бар. Интернет желісін тарту, күшейту мақсатында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Провайдерлер интернет жылдамдығын күшейту, интернет жылдамдығы әлсіз елді мекендерге оптикалық-талшықты желіні қосу жұмыстары жалғасуда. Облыс мектептеріндегі 9190 компьютердің 1123-і мұғалімдерге уақытша қолдануға беріліп, 12534 мұғалім электронды құрылғымен қамтамасыз етілді. Бүгінде 1427 оқушыға мектеп компьютері таратылды. Сонымен қатар түсіндіру жұмыстарынан кейін 3228 ата-ана балаларына электронды құрылғы сатып алып берді. Қарақия ауданындағы Аққұдық мектебі штаттық режимде жұмысын жалғастырады. Мектеп аудан орталығынан 300 км қашықтықта және облыс орталығынан 350 км қашықтықта орналасқан. Мектепте 23 оқушы, 14 мұғалім бар.

Сонымен қатар интернет желісі мектепте бар (4 мбит/с), ауылға тартылмаған. Ылғалды тазалық жұмыстары, залалсыздандыру, желдету, дезинфекциялық жұмыстар талапқа сай күнделікті жүргізіледі. Ал 30 наурыздан бастап тұрғындардың пайдаланбайтын электронды құрылғыларын оқушыларға сыйға тарту мақсатында «Қашықтықтан оқытуды қолдаймыз!» акциясы бастау алды. 91 балаға демеушілер есебінен электронды құрылғы (планшеттер, смартфондар, роутерлер, теледидарлар, т.б.) және 3 теледидар сыйға берілді. Республикалық қашықтан оқыту курсына 35 педагог қатысты. Мұғалімдердің ең жиі пайдаланатын платформалары mektep.edu.kz, Daryn.online, Bilimland.kz. Сондай-ақ мектеп оқушылары телесабақты «Ел арна» мен «Балапан» телеарналарынан тыңдайтын болады. Ал жазбаша түрде тапсырмалар мен жаттығуларды «Whatsapp», «Telegram» т.с.с. желілері арқылы мұғалімдермен хабарласып орындайды. «Mektep.edu» онлайн-күнделігі арқылы оқушылар мен ұстаздар арасында байланыс орнатылады.

Бұл ретте облыс әкімінің орынбасары Қ.Жұмашев ата-аналарды теледидарды уақытылы қосып, видео-сабақты көру үшін балаларына барынша жағдай жасауға шақырды.

-Орындалатын сабақтың барлығы оқушылардың білім стандартынан қалып қоймау үшін және материалды толық игеру үшін маңызды, бірақ бұл сабақтың қорытындысы бойынша оқушыларға баға қойылмайды. Бұл – министрліктің шешімі, дейді Қ.Жұмашев.

Маңғыстау облысында қашықтықтан сабақ өткізу үшін жоғарыда аталған әдістерді пайдалануға мұғалімдер мен оқушыларға барлық мүмкіндіктер жасалған. Өңірде интернет желісін күшейту мақсатында Қызан, Ақшымырау ауылдарында интернет ауқымын кеңейтетін қосымша қондырғылар орнатылды. Жаңаөзен қаласы мен Бейнеу ауданында «Транстелеком», «Қазақтелеком» компаниялары мен «Алтел», «Кар-тел» компанияларының бірігуі нәтижесінде бұл аймақтарда интернетке қосылу жылдамдығы арта түсті. Маңғыстау ауданы, Бекі ауылының оқушыларына тапсырманы «Қазпошта» қызметкерлері жеткізіп отырады. Кейін оқушылар да мұғалімдеріне тапсырмаларды осы қызмет түрімен жібереді. Ал Аққұдық мектебіндегі сабақ оқушылар мен ұстаздар санының аздығы ескеріле отырып (мұғалім – 14, оқушы - 23), дәстүрлі тәртіпте жүргізіле бермекші. Сәйкесінше, мектепте тиісті дезинфекциялық, тазалау, желдету шаралары уақытылы өтеді.

 

 

Маңғыстау облысы