Кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин дипломатиялық миссиясын аяқтап жатқан Арменияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Василий Казарянды қабылдады.
Кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин дипломатиялық миссиясын аяқтап жатқан Арменияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Василий Казарянды қабылдады.
Мемлекеттік хатшы қабылдау барысында: «Сіз тәжірибелі дипломатсыз. Еліміздегі 5 жылдық елшілік қызметіңізде көптеген игілікті істер атқардыңыз. Біз Арменияның ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу жөніндегі Астананың кандидатурасына қолдау көрсеткеніне разымыз», дей келе, осы 5 жылдық қызмет аясында екі жақты қарым-қатынастардың жан-жақты дамып, парламентаралық байланыстар, сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның жұмысы жанданғанын тілге тиек етті. Мұнан соң Мемлекеттік хатшы армян дипломатиясының басшысына Қазақстан-Армения арасындағы сенімді қарым-қатынастарды нығайтуға қосқан үлесіне алғыс білдірді.
Елші өз кезегінде: «Уақыт тауып арнайы қабылдағаныңызға ризашылығымды қабыл алыңыз. Мен үшін Қазақстанда қызмет еткен 5 жылым өте қымбат. Себебі, біз достықтың жібек желісі тартылған, екі елдің басшылығының арасында сыйластық орнаған дос пейілді елдерміз», деді.
Әңгімелесу барысында тараптар халықаралық ынтымақтастық, сондай-ақ сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыстарды дамытудың жай-күйі мен келешегін талқылады.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».