• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Білім 05 Сәуір, 2020

Қарағанды облысы: Онлайн? Оқытуға біз дайын!

182 рет
көрсетілді

Коронавирустың кесірі білімге құштар буынға да ауыр тиіп тұр. Дегенмен, індет үйге тықты екен деп қол қусырып қарап отыруға тағы болмайды. Бұл тұрғыда Қарағанды облысы тығырықтан алып шығар жолды іздестіру үстінде.

Кеше облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов пен білім беру басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиев тікелей эфирге шығып, аймақтың қашықтан оқыту тәсіліне көшуге дайын екенін мәлімдеді.

 Тың тәсілдің мың мәселесі бар

Облыста оқушылардың басым бөлігі ІV тоқсанды онлайн режимінде бастайтын болды. Жауапты тұлғалардың айтуынша, бұл жауапты іске қажетті жағдай жасалынған. Мысалы, оқушылар гаджеттермен және интернетке қолжетімділікпен қамтамасыз етілген екен.

– Сәуірдің 6-нан бастап оқушылар арасында қашықтан оқыту басталады. Бұл Қазақстан үшін, біз үшін тың тәжірибе. Сондықтан, біз осы жаңалыққа, әсіресе, ата-аналар тарапынан түсіністікпен қарауды сұраймыз. Дәл қазіргі уақытта ата-аналардың басты міндеті – балалармен, мектеппен және мұғалімдермен бірге ақпарат пен білімнің пайдалы және өнімді көздерін іздеу және қолдану деп ойлаймын, – деді Абзал Нүкенов.

Облыстық білім беру басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиев өңірдегі онлайн-оқыту жүйесінің қалай іске асырылатыны туралы айтып берді.

– Облыстағы 187 198 оқушы, яғни жалпы санның 94%-ы интерактивті платформаларда оқитын болады. Бұл санаттағы балалар компьютерлермен, гаджеттермен және интернет желісіне қосылу мүмкіндігімен толық қамтамасыз етілген. Оқушылардың 2% немесе 4 619 бала үшін қашықтан оқыту «Ел арна» және «Балапан» республикалық арналарында телевизиялық сабақтар арқылы ұйымдастырылады. Бұл сабақтар тек телеарналарда ғана емес, интернетте де, радиода да қолжетімді болады, – деді ол.

Қашықтан оқыту кезеңінде аймақтың интернет-провайдерлерімен арада  пайдаланушыларды нөлдік теңгерімде болса да желіден ажыратпау туралы  келісім бар. Сонымен қатар, BilimMediaGroup және DarynOnline білім беру платформаларына кіру тегін болады.

 Ауыл баласы алыстан оқымайды

Облыстық білім беру басқармасының басшысы алыс ауылдардағы шағын мектептер бұрынғыша жұмыс істей беретінін хабарлады. Бұл санатқа енетін 123 білім ошағында 7 624 бала оқиды екен. Төртінші тоқсан басталысымен, аталған мектептер екі ауысымда жұмыс істейтін болады. Сыныптардың толымдылығына қарамастан, кабинеттік жүйе алынып тасталады. Бұдан бөлек, бұл мектептердегі санитарлық режим күшейтіледі.

Қарағанды облысында мектебі жоқ 125 ауыл бар екен. Онда тұратын 2 105 оқушының 1 477-і қашықтан білім алатын болды. Бүгінгі күнде олар гаджеттермен және интернетке қолжетімділікпен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, 105 бала оқуды теледидардың көмегімен жалғастырады, ал оларға тапсырмалар пошта арқылы жіберіледі. Тағы 453 оқушы жақын маңдағы ауылдардағы мектептерде оқитын болады. 70 бала туыстарына уақытша көшіріліп, олардың 15-і қашықтан және 55-і дәстүрлі түрде білім алады.

Қарап тұрсаңыз, алыстан оқыту әдісінің ауыл балаларына оңайға түспейтін түрі бар. Технологиялық игіліктердің жетіспеушілігі қолды осылай байламаса, ауыл баласы бөтен үйдің босағасын сағаламай, өз отбасында отырып-ақ оқыр еді ғой...

 Есеп берілмейді, баға қойылмайды...

Спикерлердің айтқанына сенсек, қазіргі уақытта облыс бойынша 12 мың оқушы мен 2 мың ұстаз гаджеттермен қамтамасыз етілген екен. Сондай-ақ,  оларға 14 мыңға жуық мектеп компьютері уақытша пайдалануға беріледі. Бұған қосымша 1049 планшет пен 150 компьютер сатып алынған.

Көпбалалы және аз қамтылған отбасылар да ұмыт қалмады. Бұл санатқа енетін 1915 оқушы  демеушілердің қаражаты және бюджет есебінен интернет-байланыспен қамтамасыз етілді.

Жалпы, қашықтан оқыту кезеңінде мұғалімдерге скриндер жасап, өткізілген сабақтар туралы есептерді тапсырудың қажеті жоқ және оқушыларға баға қойылмайды.

Еске салар болсақ, облыста 1 сәуір күні 16 мың онлайн-сабақ өтіп, оған 166 мың оқушы қатысқан болатын. Яғни, өңір педагогтарында аз да болса бұл бағытта тәжірибе бар.

Брифингке қатысқан спикерлер мектеп түлектеріне арналған емтихан пішімі мен тестілеу кезеңі бұрынғы бетінде қалатынын жеткізді. «Әзірге бұл мәселеге қатысты өзгерістер болатыны туралы әңгіме айтылған жоқ», деп атап өтті олар.

 

 

Қарағанды облысы