Таяуда Алматы облысы мен Алматы қаласының мәдениет күндері Жетісудың кіндік қаласы Талдықорғанда басталып, Қаскелең қаласында жалғасын тапты.
Таяуда Алматы облысы мен Алматы қаласының мәдениет күндері Жетісудың кіндік қаласы Талдықорғанда басталып, Қаскелең қаласында жалғасын тапты.
«Елбасы тапсырмасына сәйкес, ағымдағы жылдың сәуірінен бастап, облыстар арасында мәдениет апталығы өткізіле басталғаны мәлім. Сол дәстүрлі шара аясында ақпараттық және мәдени жетістіктер алмасылып, әлеуметтік-экономикалық байланыстар нығайа түсті. Негізі Алматы қаласы мен Алматы облысының ұқсастығы тек Алматы деген атауында ғана емес тұрғындарының әл-ауқаты мен рухани дамуына да байланысты. Оңтүстік Астана маңында азық-түлік белдеуін қалыптастыру мақсатында біздің өңірдің ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілерінің жәрмеңкесі қалада жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Сондай-ақ сауда, өнеркәсіп, туризм, білім, тағы басқа салалар бойынша тығыз қарым-қатынас орнаған», деді Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік Мұқанов.
Өз кезегінде Алматы қаласы әкімінің орынбасары Зәуреш Аманжолова алты жылдан бері күзге салым алматылықтар асыға күтетін «Жетісу жәрмеңкелерінде» сапалы өнімдер бағасы қара базардағыдан 20-22 пайызға арзан бағамен сатылатындығын және бүгінгі өмір жетістіктері болашақта мәдениет мәйегімен өлшенетіндігін баса айтты.
Қазақстанның халық әртісі, жезтаңдай әнші Нұрғали Нүсіпжанов бастаған өнер майталмандары тамылжыта ән салып, құйқылжыта күй төгіп, мың бұрала билегенде ел жадырап, шадыман шаттыққа бөленді.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы облысы.