Қазақ – қиындықты, тағдырдың теперішін көрудей-ақ көрген халық. Тарих солай дейді, тарихтың тәмсіліне сүйенген Жұбан ақын оны поэзия тілінде «мың өліп, мың тірілген» деп өрнектейді. Бірақ, бүгінгі буын нарықтық эконимикаға аяқ басқан кездегі дағдарыстан басқа қиындықты бастан кешкен жоқ. Әрине, халық бас көтерген түрлі оқиғалар халық арасына үрей орнатқаны рас, бірақ олар – түбі мен тамыры, мақсаты мен мүддесі жағынан бүкіл әлемдік, жалпы халықтық қасіретке айналған, жолындағыны жалмай өртше өршелене өрмелеп келе жатқан емі жоқ індеттен мүлдем бөлек бағыттағы оқиғалар болатын, яғни басы мен аяғы бар. Бүгінгі әлем елдерін әбігерге түсіріп мыңдаған адамды баудай түсірген аурудың басы қайдан шығып жатыр, соңы қашан болады - беймәлім. Ел көңілінде үрей де бар, жақсылыққа деген үміт те бар. Әйтеуір бір күні жақсы жаңалықтың жарқ етіп жер бетіне жайыла таралатынына сенеді.
Алайда, ел арасындағы желдей ескен қауесет әңгімелер онсыз да жұқарған жүйкені, күйзелген көңілді жеріне жеткізіп жүдете түсетін түрі бар. Аузы жеңіл, қолы ұзын, адымы алапат ақпараттық технологияның мүмкіндігін пайдаланған айтқыштар айтып жатыр-айтып жатыр. Жаман ниеттері жоқ, түпкі ойлары халықты сабырға шақыру, оқшаулану ережелерін сақтауға үндеу, өздерінше ақыл, кеңес беру екендігі анық, әйтсе де әңгімесінің «аяғын» алшайта тіреп, «қолын» әріге созып, тұздықтап-уыттап, салмақтандырып-маңыздандырып, тіпті саясиландырып зәрені ұшыратынын қайтерсің?! Өзі үркейін деп тұрған халық іші дүрбелең, дүкендерде - дүрмек.
Ұйқыдан ояна сала ұялы телефоныма сарт ете қалған «соңғы хабарға» құлақ тостым. «Мен бір хабар естідім жаңа, кеше Ақтау қаласындағы анау шағын ауданнан шыққан коронавирус жұқтырған адам бір рет ауруханаға барып, қойылған диагноздың емінен бас тартып үйге барамын деп кетіп қалған, қайта келіп оны жедел жәрдеммен алып кеткен дейді. Сол адамның ұялы телефонын ҰҚК адамдары тексерген дейді, бір досым айтады, соның ағасының досы ҰҚК-де қызмет істейді екен. Телефонының маршрутын тексерсе, оның жүрмеген жері жоқ дейді, Сары базар, «Ақтау» және «Бәйтерек» сауда орталықтарын аралаған, наурыз айының соңғы күндері туған күнін атап өткен екен, қысқасы біраз адаммен байланыс жасап үлгерген. Болжам бойынша Маңғыстау инфекция жұқтыру жағынан Нұр-сұлтан мен Алматыдан соңғы үшінші орында тұруы мүмкін дейді» деген ол халықты үйден шықпауға, сақ болуға шақырады. Ойы-мақсаты дұрыс, бірақ халық оны дәл өзі ойлағандай қабылдай қоя ма? Үрейленіп, ашуланып, боқтап, тілдеп жатқандар қаншама?
Сонымен қатар, өзі айтып отырғандай, құзырлы орындардың ақпараты ауыл арасында, ауызекі тілдің ұшында қайдан жүр? Оны айтатын да, сақтандыру шараларын жүргізетін де орындар бар. Ал адамдар әркім өзіне, бала-шаға, отбасына ие болып, солармен сақтық шараларын қамтамасыз етсе, оқшаулануға қосқан үлес сол болар еді. Сондай-ақ ҰҚК-нің ақпараты қыз-қырқын, әйел-бала-шағаның аузында қайдан жүр, кім таратты? Тиісті орындар мәселенің анық-қанығын тексеріп, аталған хабарламаға сай халыққа нақты ақпаратты береді деген ойдамыз. Қауіпсіздікті қамтамасыз ететін органның ақпаратын халыққа таратқан тұлға анықталуы тиіс және аузы жеңілдердің елді былғауына жол берілмеуі тиіс.
Ақыл айтамын деп халықтың арасында ажиотаж туғызып, сақтандырамын деп сергелдеңге салып қоюдан сақтанған жөн. Қауесеттің қарқыны қатты, ол тіпті тұмаудан бірнеше есе зор жылдамдықпен тарайды деп сипатталған коронавирустан да екпінді болып тұр.
...Сөйтсем, әлгі ақпарат «соңғы хабар» емес екен, бүгінгі күнгі хабарлар легінің басы екен, айтары бар хабарлар әлі жалғасуда... бірі – қорқытса, бірі сақтандырады, бірі ешқандай коронавирус жоқ деп жұбатады. Ылайым, солай болғай!
Маңғыстау облысы