• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
04 Қыркүйек, 2013

Қуат көзінің ертеңі қандай?

292 рет
көрсетілді

Әлем жылдам өзгеруде. Дамушы елдерде кейбір кедергілер болғанымен, ілгерілеу үдерісі іркілер емес. Қазақ елі де қарышты қадамдарға ілесуге барын салмаса болмайды. Әйтпесе өкініп, опынып қалуы әбден ықтимал.

Әлем жылдам өзгеруде. Дамушы елдерде кейбір кедергілер болғанымен, ілгерілеу үдерісі іркілер емес. Қазақ елі де қарышты қадамдарға ілесуге барын салмаса болмайды. Әйтпесе өкініп, опынып қалуы әбден ықтимал.

Соңғы 15 жылда елімізде мұ­най өндіру – 3, табиғи газ шығару 5 есеге өсіпті. Бұдан түскен ырғын пайда Ұлттық қорға үзіліссіз құйылып жатқаны мағлұм. Десек те, кез келген ға­ламдық дағдарысқа толық төтеп беру үшін Ұлттық қордың кірісін әлі де еселей бергеніміз жөн. Яғни, жер қойнауындағы шикі байлықты мүмкіндігін барынша пайдалана алсақ, ұтарымыз мол болмақ. Себебі, дамушы елдер қуат көзін көмір, мұнай, газдан өндіруді біртіндеп шегеріп, оны күннің нұрынан, желдің екпінінен алуды жүзеге асыра бастады. Оның жарқын бір дәлелі Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің тақы­рыбы деп білеміз.

Рас, бүгінде мұнай тек жа­ғармай ғана емес, одан халық тұтынатын көптеген тауарлар жасалады, басқа да сала­ларға пайдаланады. Тіпті, мал жеміне қосып беретін дәрі­лік қосындылар да мұнай құра­мынан алынатын болған. Әйт­се де, Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың халыққа өткен жылғы Жол­дауын зерделеп, Citigroup шикізат-тауар нарығын сараптау департаментінің басшысы – басқарма директоры Эдвард Морстың болашақ туралы болжамдарын бағамдасақ көп нәрсенің байыбына барамыз. Оның сөзіне құлақ ассақ, таяудағы 10 жылда энергия нарығы күрт өзгеріске түседі. Алпауыт АҚШ пен бірқатар елдердің қазіргі әрекеті осындай ойға жетелеп отыр.

«Жоғары бағаның мәселесін ең жақсы шешетін жоғары ба­ғаның өзі» деген мәтел де бар. Өйткені, жаңа технологияны, инновацияны жасайтын және дамытатын жоғары баға екені белгілі. Қазіргі энергия нарығында дәл осы жағдай орын алып, шикі мұнай мен газды тұтынушылардың талабы мен талпынысы күрт өзгерді. Сөйтіп, қуат көзін өндірудің жаңа жолдарын тауып жатыр. Мұнымен қатар, АҚШ мұнай өнімдерін ең көп импорттаушы ел болған болса, 5-6 жылдың көлемінде ол ең ірі мұнай экспорттаушы Ресейден кейінгі екінші орын­ға келіп орнықты. Демек, АҚШ аз ғана уақыттың ішінде ең ірі мұнай импорттаушы елден ең ірі мұнай экспорттаушы елдердің алдыңғы қатарына шығып үлгерді.

Ал, табиғи газ нарығына көз салсақ, ондағы жағдайдың да жамбастап бара жатқанын көз көреді. Бүгінде АҚШ табиғи газбен өзін өзі толық қамтамасыз етіп отыр. Бұрын АҚШ табиғи газды толық импорттап отырғанын ескерсек, тіршілігін табиғи газға байлаған елдердің бұдан былай тынысы тарыла түсуі бек мүмкін. Қазір тек қыс айларында аз ғана газ импорттайтын алпауыт ел, соңғы уақытта Канада мен Мексиканың құбырлары арқылы табиғи газ экспорттау­ды жолға қойды. Әйткенмен, АҚШ газ өндіруді бей-берекет қолға алмай, нарықты бағып, соған лайықты тірлік істеуде. Сол себептен ғана дәл қазір АҚШ-та көгілдір отын өндірісі қатты қарқын алмай, шамалы іркіліс тауып тұр.

Десек те, 2014 жылдан бастап АҚШ-та табиғи газ өндіру қарқын алады екен. Мұндай болжамды Citi жасап отыр. Болжам бойынша «жасыл технологияға» өту үрдісі көмір өндірісін 1,5-1,6 есеге дейін қысқартып, көгілдір отынды пайдалануды арттырады екен. Осы орайда өз еліміздегі отын ошағына да көз салып көрелік. Еліміздің Статистика агенттігінің мәліметіне сенсек, биыл­ғы жылдың алғашқы 6 айында көмір өндіру өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,2 пайызға кеміпті. Мысалы, атақты «Богатырь Көмір» ЖШС былтырғы жартыжылдықтағы көрсеткіштен биыл 6,1 пайызға аз көмір қазған. Бұл дегеніңіз санға айналдырғанда бақандай 19,557 млн. тонна болып шығады.

Нақты мәліметтер мен сарап­шылардың сөзіне қарағанда, 2015 жылы АҚШ көгілдір отын экспортын барынша арттырмақ көрінеді. Мұндай жағдайда газдың өз бағасы ғана түсіп қой­май, мұнай бағасының ар­зандауына да ықпал етері анық. Оның айқын белгілері қазір­дің өзінде көріне бастаған. Мә­селен, АҚШ-та Wall-Mart жанармай құю бекеттерін жаппай көгілдір отын стансаларымен алмастырады деген дерек бар. Бұл үрдіс АҚШ-та тәуелсіз кәсіпкерлердің талабымен жү­зеге асырылып жатса, әйгілі «Газпром» Еуропа елдерінде өз инфрақұрылымын дамытуға мәжбүрлейтін көрінеді. Бұл пікірді CitiGroup-тің мұ­най мен газ бойынш а болжау­шысы Сета Кляйнман айтып отыр.

Осы тұста Катар авиациясы туралы айта кеткен жөн. Ол елде таяуда ғана сұйық газбен жұмыс істейтін технологиямен жасалған алғашқы ұшақ әуе кеңістігіне еркін шықты. Мұнымен қатар, Таяу Шығыстағы күніне 2 млн. баррель мұнай тұтынатын электрстансалары мұнайды көбірек экспорттау үшін көгілдір отынға өту жолдарын қызу қарастырып жатыр. Citi сарапшыларының болжамына қарағанда, таяудағы 10 жылда мұнай өндіру айтарлықтай төмендейді. Себебі, қазірдің өзінде мұнай рыногындағы 19 млн. баррель мұнайдың 3 млн. баррелі қысқарып, онымен жұ­мыс істеген нысандар газға кө­шіп жатыр екен. Осыны негізге алсақ, әлемде қуат көзін өндіруде мұнайдан газға көшу үрдісі қар­қын ала бастаған.

Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар