Жақында «Қазақстан» РТРК» АҚ төрайымы Н.Мұхамеджанова мен BBC World News-тің коммерциялық өкілі С.Становкин телерадио саласының ең озық жетістіктерін игеру және оны өндіріске енгізу туралы ұзақ мерзімді ынтымақтастық меморандумына қол қойды.
Жақында «Қазақстан» РТРК» АҚ төрайымы Н.Мұхамеджанова мен BBC World News-тің коммерциялық өкілі С.Становкин телерадио саласының ең озық жетістіктерін игеру және оны өндіріске енгізу туралы ұзақ мерзімді ынтымақтастық меморандумына қол қойды.
Келісім негізінде келешекте «Қазақстан» РТРК» АҚ және BBC World News арасында ортақ жобалар дайындалып, мамандар тәжірибе алмасады деп күтілуде. Сонымен қатар, корпорация халықаралық телерадио саласының заманауи технологиясы мен озық тәжірибесін игеруді және оны қолданысқа енгізуді көздейді.
BBC World News өкілдігінің басшысы Сергей Становкин бұл меморандумды екі корпорация арасындағы бұрыннан бері қалыптасқан әріптестік қарым-қатынасты одан әрі нығайту деп санайды. Мысалы, «Қазақстан» ұлттық арнасы BBC World News -пен бірлесе отырып, қазақ көрермендеріне «Қазақстан – Еуразияның жүрегі» атты роликті мемлекеттік тілде көрсетті.
«Меморандум бойынша, қос корпорация ақпарат пен тәжірибе алмасып қана қоймай, болашақта қазақстандықтармен қатар халықаралық аудиторияға да қызықты жобалар ұсыну», – деді С.Становкин.
«Қазақстан» РТРК» АҚ төрайымы Нұржан Мұхамеджанова BBC World News-пен әріптестік байланыс корпорацияның дамуына жаңа серпін беретініне сенім білдірді. Әрі шығармашылық және техникалық мамандардың кәсіби біліктілігін жетілдіруде, телевизиялық жаңа технологияны меңгеруде мұндай қарым-қатынастардың өте-мөте тиімді екендігін жеткізді.
«Егемен-ақпарат».