Кеше Астанада Қытайдың сыртқы сауда орталығының бастамасымен конференция болып өтті. Ол Кантон жәрмеңкесінің 114 рет өткізілуіне арналды. Шараға қатысушыларға Қытайдағы ең ірі сауда көрмесінің ерекшеліктері туралы әңгімеленді.
Кеше Астанада Қытайдың сыртқы сауда орталығының бастамасымен конференция болып өтті. Ол Кантон жәрмеңкесінің 114 рет өткізілуіне арналды. Шараға қатысушыларға Қытайдағы ең ірі сауда көрмесінің ерекшеліктері туралы әңгімеленді.
Тұсаукесер рәсіміне Қытайдың сыртқы сауда орталығының вице-президент іСюйБин бастаған орталық өкілдері келді. Ал Қазақстан тарапынан елдегі ірі мекемелер мен ұлттық компаниялардың, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен Астана қаласының әкімдігі өкілдері қатысты. Кездесу барысында Қытай мен Қазақстан компаниялары экономиканың түрлі салалары бойынша бірқатар келісімшарттарға қол қойды.
Негізі, Қытайдың импорттау және экспорттау бойынша көрмесінің 114 сессиясы үстіміздегі жылдың 15 қазаны мен 4 қарашасы аралығында өтеді. Азиядағы ең ірі, ал әлемде үлкендігі жағынан үшінші орынды иеленіп тұрған «Пачжоу» көрме орталығы Қытайдың Гуанчжоу провинциясында орын тепкен.
Кантон немесе Қытай жәрмеңкесі аталып кеткен бұл шара – көрші елдегі ең үлкен сауда көрмесі. Оны негізінен Қытайдың басты өндіріс сөресі және сыртқы саудадағы барометрі деп атайды. Жәрмеңке аталған провинцияда жылына екі рет, яғни көктемде және күз айларында өткізіледі. Әр сессия 3 кезеңнен тұрады. Олардың әрқайсысына 150 мыңнан астам өнім үлгілері қойылады екен. Нәтижесінде, жәрмеңке жыл сайын әлемнің әр шетінен 200 мыңнан астам кәсіпкерді жинайды. Олардың өзара жасаған келісімдері ондаған млрд. долларға бағаланады.
Осы жылдың көктемінде өткен жәрмеңкенің 113-сессиясында көрме алаңы 1,16 млн. шаршы метрді құрапты. Ондағы стенділердің жалпы саны 59 531 болса, оның 58 631-ін Қытайдың өз кәсіпорындары иемденген. Сондай-ақ, қатысқан 24 746 үлгінің 24 184-і көрші елдің ұлттық павильонында жайғасқан.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».