• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Сәуір, 2020

«Бұл – біздің азаматтық парызымыз»

533 рет
көрсетілді

Пандемияның зіл-батпан ауыр салмағы еліміздегі волонтерлер қозғалысының өкілдеріне жаңа, тың шешімдерді қабылдауды қажет ететіні анық. Осы орайда олар бұған дейін әзірлеген жобалары мен іс-жоспарларын төтенше жағдай талаптарына сәйкестендіру үстінде. Осы ретте Ақтөбе қаласында волонтерлер қатарынан арнайы штаб құрылып, оның мүшелері жауапты істердің бел ортасында жүргенін айту парыз.

Волонтерлер қазіргідей кезде қам­­қорлық пен көмекті қажет ететін қоғамның осал топтарына көмек көрсетуде. Сонымен бірге тұр­ғындар арасында індетің алдын алу мен одан сақтануға қатысты жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүр­гізуде. Штаб мүшелері тарапынан ақпараттық парақшалар әзір­леніп таратылуда. Волонтерлер өз қолдарымен тігіп, тұрғындарға тегін берілген медициналық бетперделер де оларға деген ризашылық сезі­мін туғызды. Мұндай жылы пікірді мұқтаж жандарға штаб мүшелерінің қолымен жеткізіліп берілген азық-түлік жиынтығы мен гигиеналық құралдарға қатысты айтуға да болады.

Ақтөбе облыстық жастар ресурс­тық орталығының басшысы Гүл­нар Қабиеваның айтуынша, волон­терлердің қайырымдылыққа толы іс-қимылдары тұтастай өңір бойынша көрініс табуда. Облыс аудандары ара­сында оның басты легін 19 топтан құралған Шалқар ауданының волон­терлері бастап келеді.

– Аймақтағы әрбір волонтер то­бының өзгені қайталай бермейтін өзіндік іс-жоспарлары бар. Бұлар қоғамдық өмірдің сан түрлі бағыттары бойынша құрылған. Әйтсе де олардың бәрінің алдына қойған мақсаттары ортақ. Бұл қиын жағдайға тап болған әлеуметтік топтарға қолұшын беру, – дейді Шалқар аудандық жастар ресурстық орталығының жетек­шісі Жанна Әбденова.

Бұдан бөлек облыс аумағында Қызыл Ай қоғамы облыстық филиа­лының волонтер жастары мен «Antikor» орталығының өкілдері қа­йы­рымдылық қағидаттарын ойда­ғыдай орындап жүргені де оң пікірге әбден лайықты. Қазіргі кезде облыс аумағында белгіленген айрықша режімдегі шектеу шараларына байланысты жеті блок-бекет жасақталды. Волонтерлер осы орындарда күндіз-түні жұмыс істеп жүрген мамандарға көмек беруге де бір кісідей жұмылған.

Бұл бағытта М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік меди­циналық университетінің жас дәрі­гер-резиденттерінен құрылған волонтерлер тобы нағыз ерлер мен қаһар­мандарға тән іс-қимыл көрсетуде. Әр ауысымда 14 адамнан тұратын волонтерлердің жұмыс тәртібі өте тығыз әрі өте күрделі. Олардың басты міндеттері белгіленген нұсқаулыққа сәйкес рұқсат етілген жүргізушілер мен кәсіпкерлерге арнайы қызмет топтары мүшелеріне және транзиттік тұрғындарды медициналық тексерулерден өткізіп, қызуын өлшеу әрі өзге де клиникалық өзгерістерді байқау болып отыр.

Олардың жинаған ақпараттары өз кезегінде тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы және қауіп­сіз­дігін бақылау департаментінің мамандарына жолданады. Мәселенің арғы жағы бекітілген хаттама бойынша шешімін табады.

Дәрігер волонтерлердің бірі Рус­лан Арақбаев Ақтөбе – Атырау автотрассасы бағытында қойылған блок-бекетте тұтастай тәулік бойы екі адамнан кезек­шілікке тұратынын айтып берді. Жас дәрігер-резидент отбасын құрған, сәбилері бар.

– Тұтастай елімізге қауіп-қатер төндіріп отырған індет кезінде осындай шешім қабылдауды азаматтық парызым деп есептедім. Коронавирус инфекциясы таралуын неғұрлым тезірек тежесек, қалыпты өмірге со­ғұр­лым жақындай түсеміз. Бұған еш­қандай күмәнім жоқ. Осындай өте күрделі кезеңде әріптесім Арман Амантаев екеуміз жай ғана бақы­лаушы болып қалғымыз келмеді, – дейді Руслан.

Русланның ой-тұжырымына сай­сақ, өздерімен бірге блок-бекет­терде уақытпен санаспай кезекшілікте жүр­ген полиция мен әскери қызмет­шілер, са­нитарлық дәрігерлер мен дезинфектор мамандар, атқарушы билік өкілдері де дәл осылай ойлайды. «Кезекшілік кезінде бір-бірімізбен тез тіл табысып кетт­ік. Арамызда еш­қандай түсінбестік туындаған емес. Әрқайсымыз өзіміз атқаратын мін­деттерді терең сезініп жүрміз деп айт­қым келеді. Алдағы уа­қыт­та да дәл солай бола беретініне се­німім мол», деп түйіндеді ол өз ойын.

Еліміздің әр азаматы өзінің әлеу­меттік жауапкершілігін жас волонтер дә­рігер-резидент Русланша сезіне алса, індетті соғұрлым тезірек жеңіп шы­ғатынымыз анық.

 

АҚТӨБЕ