Павлодар қаласындағы «БО-НА» ЖШС дезинфекциялық сұйықтықтар өндіреді. Соңғы уақытта кәсіпорынның өндіріс көлемі күрт өсті. Серіктестік мамандарының айтуынша, бұған дейін компания күніне 300 кило хлорлы таблетка өндірсе, қазір өндіріс көлемі үш есеге өскен. Сұраныс көбейсе, компания өндірісті одан әрі ұлғайтуға дайын.
– Жалпы, қай уақытта болсын, елімізде ғылым, өндіріс және банктердің бірлескен холдингтерін құру тиімді. «Жаман айтпай жақсы жоқ». Індет дерті өршіген уақытта ғана емес, қашанда тұрған үйіміз, ауламыз, тамағымыз таза болуы керек. Үй-жайларды, ірі шаруашылық құрылымдарын жылына бір рет болса да залалсыздандыру қажет, – дейді кәсіпорынның бас директоры Нұрлан Ережепов.
2007 жылы «БО-НА» серіктестігінің залалсыздандыратын сұйық заттар жөніндегі ғылыми зерттеулері халықаралық грант жеңіп алды. Химия бағытындағы кәсіпорындардың өндірісі бұрынғыдай қорқыныш тудырмайды, қоршаған ортаға зиян келтірмейді. Қолданылатын технология экологиялық тұрғыдан қауіпсіз сипатқа ие екенін дәлелдеген. Кәсіпорын 2014 жылдан бастап арнайы экономикалық аймағының қатысушысы атанды. Компанияның инновациялық әзірлемелері технологиялық сараптамалардан өткен. Өнімдердің қоршаған ортаға зияны жоқ, экологиялық талаптарға сай.
Серіктестікке «Бәйтерек» ұлттық холдингіне қарайтын «Технологиялық даму жөніндегі Ұлттық агенттік» қолдау көрсетті. Жобаға 200 миллион теңгеден астам инвестиция салынған. Бүгінде компания барлық дезинфекциялау құралдарын, түрлі антисептиктерді, медициналық құралдар, үй-жайларды өңдеуге арналған сұйық және концентрацияланған құралдарды шығарады. Еліміздің медициналық мекемелерінің тапсырысын орындайды.
Қазір кәсіпорын ұжымы химиялық өнеркәсіп саласында білікті тәжірибесі бар, серіктестіктің техникалық директоры Борис Шаровтың жетекшілігімен алдағы уақытта хлор сұйықтығының жаңа өнімдерін өндіру бойынша жұмыс істеуде.
– Кәсіпорын өнімдерінің бәрі де дезинфекциялық шараларға қолданылады. Тұрмыстық химиялық өнімнің екі-үш түрін шығаруды жоспарлап отырмыз. Медициналық мекемелер пайдаланатын құрамында хлоры бар немесе жоқ 30 түрлі дезинфекциялық құралдар шығарылады. Қазір жаңа өнім шығаратын қондырғы құрылысы жүргізілуде. Құрлығы іске қосылған соң, өндіріс қалдықтары есебінен тұрмыстық химияға қажетті өнімдер жасалады, – дейді Б.Шаров.
Кәсіпорын басшысының айтуынша, залалсыздандыратын сұйықтықтардың жоғары сапасы тексерілді. Тексеріс барысында «Дезостерил», «Дезостерил-Н» деп аталатын екі сұйықтық таңдап алыныпты. Сұйықтықтар ауруханалардың, коммуналдық, тамақ, өндiрiс, сүт, мал шаруашылығы нысандарының, медициналық маңыздағы бұйымдарды дезинфекциялауда қолданады.
Жалпы, химия өндірісі өңірге жақсы таныс. Кеңес өкіметі тұсында облыс орталығында бүкіл Одақты химиялық өнімдермен қамтыған кәсіпорындар жұмыс істеді. Қоршаған ортаға қауіпті, сынап қолдану арқылы өнім өндіретін зауыттар тоқсаныншы жылдары жабылды. Оның орнына 2011 жылдары «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы» аумағында жаңа зауыттарды іске қосу арқылы еліміздегі химиялық кластер құрылмақ еді. Қазір бұл экономикалық аймақта «Каустик» АҚ елімізге қажетті хлор, каустикалық сода мен тұз қышқылын, «БО-НА» ЖШС дезинфекциялық құралдарды, «АгроХимПрогресс» ЖШС агрохимиялық өнімдерді өндіреді. «Каустик» АҚ – халықаралық жоғары сапа стандарттарына сәйкес жұмыс істейтін заманауи химиялық өндіріске айналды. Зауыт өнімдері экономиканың көптеген салаларында, мұнай, химия, медицина, тамақ өнеркәсібі, түсті және қара металлургияда қолданылуда. Сонымен бірге кәсіпорында шығарылатын хлорлы концентрат сұйықтық ғимараттарды, тұрғын үйлердің подъездерін дезинфекциялауға қажет. Өндіріс тәулігіне 52 тонна сұйықтық шығарады. Еліміздің өңірлерінен түсетін сұраныс та аз емес. Жылына 3 мың тоннаға дейін сұйықтық шығаратын мүмкіндігі бар. Жуырда Алматыға 250 тонна хлорлы концентрат жөнелтілген.
– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Еуропалық сырқаттарды бақылау жөніндегі орталық хлорлы концентратты дезинфектант ретінде ұсынады. Натрий гипохлорит сұйықтығы қауіпті вирусты бірден жоюды. Өнімнің сертификаты, тиісті рұқсатнамалық құжаттары бар, тиімділігі, қауіпсіздігі расталған, – дейді маман В.Рагулин.
Бірақ бұл сұйықтық дүкендердегі еркін саудаға түспей, тек ірі кәсіпорындар мен мекемелерге темір жол цистерналарымен жеткізіліп келген-ді. Кейін сұйықтықтан дезинфекциялық құралдар дайындап, тұрғындардың пайдалануына ыңғайлы болуы үшін кішігірім пластикалық бөтелкелерге құйылып, сатылымға шығарыла бастады.
– Басты ерекшелік, аталған кәсіпорындар отандық дезинфекциялық сұйықтықтар шығаруда. Хлор таблеткалары немесе дезостерил хлоры, қолға арналған антисептиктер барлығы да қазақстандық өнім. Қазір еліміздегі төтенше жағдайға байланысты өндіріс барысына өзгерістер енгізілуде. Енді жергілікті шикізатты пайдаланып, серіктестік мамандары ойлап тапқан сұйықтықтар жаңа технология бойынша жүзеге асырылады, – дейді аймақ директоры Әлібек Несіпбеков.
Павлодар облысы