Сирия астанасы Дамаскі қаласының маңында үкімет әскері мен қаруланған оппозиция құрылымдары арасында соңғы күндері қиян-кескі ұрыстар орын алуда. Бұл туралы ИТАР-ТАСС хабарлады.
«Аль-Ватан» ақпарат қызметінің мәлімдеуі бойынша, Сирия әскері Кудси мен Эль-Хамм елді мекендеріндегі арнайы іс-шараларын сәтті жүргізіп, Дамаскінің солтүстік-батысындағы аудандарды өз бақылауларына алды.
«Джебхат ан-Нусра» тобының террористері Ливан шекарасының маңында қоршауға алынып қаза тапты. Сирия әскері «Думейр-Адра» тас жолынан өтіп бара жатқан содырларды тоқтатып, 40-тан аса экстремистің көзін жойды.
«Ас-Сафир» газетінің мәлімдеуінше, Сирия қарулы күштері Иордания аумағындағы арнайы лагерлерде дайындықтан өткен 300-ге жуық содырдың көзін жойған. Олардың арасында Сауд Арабия, Ливия, Иордания мемлекеттерінің жалшылары да бар көрінеді.
Дамаскіден солтүстікке қарай 165 шақырым жерде орналасқан Эль-Фаркалес қалашығындағы бақылау бекетінің жанында екі содыр автокөліктерді жарып, нәтижесінде екі әскери қызметкер қаза тапты. Оқиға салдарынан бейбіт тұрғындар, олардың ішінде екі бала жарақат алды.
Айдар Өрісбаев.