Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Қазпошта» АҚ филиалдарында зейнетақылар мен жәрдемақылардың берілу мәселесі бойынша баспасөз мәслихаты өтті. «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов төтенше жағдай мен карантин режімі басталғалы, пошта және қаржылық қызметтер ұсыну тоқтамағанын хабарлады.
«Әрине төтенше жағдай пошта бөлімшелерінің жұмыс кестесіне өзгерістер енгізді. Қазір Нұр-Сұлтанда 34 бөлімшенің 10-ы, ал Алматыда 91 бөлімшенің 30-ы істеп тұр. Жұмыс уақыты да сағат 10-нан 16.00-ге дейін қысқарды. Алматы, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Қарағанды қаласында бөлімшелердің жұмыс уақыты 16.00-ге дейін, қалған аймақтарда 17.00-ге дейін қысқарды. Көптеген аймақта жергілікті биліктің сұрауымен бөлімшелер демалыс күндері де тұрғындарға қызмет көрсетуде. Негізі, барлық бөлімшенің жұмыс кестесі сайтта жаңартылып тұрады. «Қазпошта» қызметкерлері мен клиенттерінің денсаулығын сақтау үшін шаралар қолданылуда. Пошта бөлімшелерінің басшылары қызметкерлердің әл-ауқатын бақылайды. Барлық бөлімшеде ылғалды тазалау және дезинфекциялау үнемі жүргізіледі. Қызметкерлерге маскалар мен санитарлық тазартқыштар беріледі, бөлімшеде қызмет ала алатын адамдар саны шектеулі, байланыссыз қызмет көрсету орындары анықталған, қашықтық белгілері сызылған», деді ол.
Сонымен қатар С.Сәрсенов клиенттерден аса қажеттілік тумаған жағдайда пошта бөлімшелеріне барудан бас тартып, қашықтан қызмет көрсетуді қолдануға болатынын мәлімдеді.
«Біздің сайт және мобильді қосымшамыз арқылы сәлемдемелерді үйге жеткізуге, курьерді шақырып, затыңызды алып кетуге тапсырыс беруге болады. Сонымен қатар коммуналдық немесе басқа да төлемдерді төлеуге, мемлекеттік органдармен хат алмасуға, газет-журналдарға жазылуға болады. Елдегі жағдайға қарамастан, барлық пошташылар мен курьерлер пошта, хаттар, газеттерді штаттық режімде жеткізуде. Қызметкерлер күн сайын маршруттар бойынша сіздерге қызмет көрсетеді. Сондықтан олардың еңбектеріне құрметпен қарауларыңызды, қауіпсіз қарым-қатынас ережелерін сақтауларыңызды сұраймын. Қолайсыз эпидемиялық жағдай кезінде «Қазпошта» қазақстандықтардың үйден шықпай қызмет алуы үшін барлығын жасайды. Зейнетақы мен жәрдемақы төлеу жөніндегі жұмысымыз туралы айтып өткім келеді. Біз бұрынғыдай зейнетақы мен жәрдемақыларды 80 жастан асқан зейнеткерлерге және азаматтардың ерекше санатына үйлеріне дейін жеткізіп береміз. Енді қазір қозғалыстың шектелуіне байланысты, барлық зейнеткерге сәуір айының зейнетақыларын үйлеріне жеткізудеміз. Қалағандарына төлем картасын ашып, ақшаларын сол картаға аударып, карталарын үйлеріне жеткізіп беріп жатырмыз. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірге 1-15 сәуір аралығында зейнетақыны үйге жеткізу кестесін бекіттік. Сол кесте бойынша бүгінде 389 572 зейнеткердің үйіне зейнетақыларын жеткізіп, 6 мыңға жуық зейнеткерді төлем карталарына көшірдік. Зейнеткерлердің ішінде карантин біткен соң зейнетақыларын бөлімшеге келіп алғылары келетіндер де бар. Біз олармен үнемі байланыста боламыз. Сондай-ақ мекенжайын немесе телефон нөмірлерін өзгерткендер бар, бізге хабарласып, өтінішін қалдыруларын сұраймыз», деді С.Сәрсенов.
Қазір Мемлекет басшысының тапсырмасымен табыссыз қалған азаматтарға ай сайын 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік көмек аударыла бастады. Оны алу үшін өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар арнайы шот ашып бірыңғай төлемді төлеулері керек. Осыған байланысты, «Қазпоштаның» барлық бөлімшесінде, соның ішінде ауылдық жерлерде, экспресс-карталар мен ағымдағы шоттарды ашып, төлемдер қабылдап жатыр.
«Ұлттық банктің түсіндіруі бойынша, осы жәрдемақыны алу үшін арнайы шот ашудың қажеті жоқ. Бұл жәрдемақыны банк, салық органдары, сот атқарушыларының алуға құқықтары жоқ. Кез келген банктің немесе «Қазпоштаның» әдеттегі карт-шоттарын пайдалануға болады. Соңғы 6 күнде 237 мыңға жуық клиентке қызмет көрсеттік. 2020 жылдың 7 сәуірінде 126 204 шот ашылды, 163 129 адамнан БЖТ (бірыңғай жиынтық төлем)төлемі қабылданды. БЖТ онлайн төлеу мүмкіндігі туралы барлық нұсқаулар «Қазпоштаның» әлеуметтік желілердегі парақшаларында және сайтта орналастырылған. Сізге ыңғайлы болу үшін біз қазіргі уақытта post.kz сайтында шотты онлайн ашып, виртуалды карта шығару қызметін іске қосу мүмкіндігін қарастырудамыз. Қызметтің іске қосылуы туралы қосымша хабарлаймыз. Егер «Қазпошта» бөлімшесіне келсеңіз, сізді қауіпсіз қызмет алу ережелерін, атап айтқанда, бөлімшеге маскамен бару және ең бастысы, қашықтықты сақтауға шақырамыз. Өзіңізді, жақындарыңызды және біздің қызметкерлерімізді вирусты жұқтырудан сақтаңыз», деді «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы.