Әскери міндеттілерге қарата айтылған шақыру Алматы облысының аумағында тұратын ер-азаматтар арасында қызу талқыға түсті.
Қазір Отан алдындағы борыныш өтеуге ниет білдірушілер саны көбейіп келеді. Ал жауапты іске бел буған ерлердің қатарында Қарасай ауданының азаматары алғашқы болып әскери жиынға қосылды. Аудан бойынша борыш атқаруға ынта білдірген екі жүзге жуық азаматтың жетпіс сегізі дәрігерлердің тексеруінен сүрінбей өтіп, қызмет етуге қабылданды. Еріктілер аудандық әскери қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің қарауына өтіп, Қаскелең қаласындағы №1 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде арнайы дайындықтан өтуде. Олар енді казармалық жағдайда 10 күннен 3 айға дейін мерзімде тұрақтайды. Әскерилер бұдан әрі санитарлық бекеттердегі күзетте кезекшілік атқарып, індет ошағы мен қоғамдық орындарды, ауыл-аумақтағы мекеме, нысандарды зарарсыздандырып, дәрілеу жұмыстарына тартылады.
Олардың алғашқы легі «Асыл Арман» тұрғын үй кешеніндегі күзет пен тұрғындарды қажетті заттармен қамтитын жедел топтардың құрамында жұмысын бастап та кеткен екен. Қарасай ауданындағы «Асыл Арман» тұрғын үй кешені індет таралуына байланысты толықтай оқшауланып, карантинге жабылған болатын. Бұған дейін бұл аумақтан екі адамнан коронавирус инфекциясы анықталған еді.
Алматы облысы