Батыс Қазақстан облысында жалпы құны 2,4 трлн теңге болатын 126 жаңа инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл 2 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Жалпы 2020 жылы 370 млрд теңге игеріліп, 1600 адам жұмыспен қамтылатын 102 жобаны іске қосу жоспарланған. «Карантинге қарамастан біздің ойға алған жобаларымыз жоспар бойынша жүзеге асып жатыр» дейді облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев.
– Өткен жылдың қорытындысын жасаған кезде өңір басшысы Ғали Есқалиев 2020 жылы өңірдегі басты экономикалық бағыт – инвестиция тарту болатынын айтқан болатын. Әрине әлемдік пандемия мен коронавируске байланысты енгізілген төтенше жағдайдың өзіндік әсері бар. Бірақ мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру аясында негізгі назар Президент тапсырмасы – инвестициялық ахуалды жақсарту, инвестиция тарту, импорт алмастыруды дамыту, бәсекеге қабілеттілікті арттыру және жаңа жұмыс орындарын құру мәселесіне бағытталған, – дейді әкімнің орынбасары.
Әкімдік жанында инвестиция тарту, инвестициялық ахуалды жақсарту және экспортты жылжыту жөніндегі өңірлік кеңес жұмыс істейді. Бұл кеңес 2019 жылы 5 отырыс өткізсе, биыл жыл басынан бері 2 отырысын өткізді. Осы кезеңде барлығы 18 жоба қолдауға ие болған. Өңірде соңғы 3 жылда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 401,6-дан 584 млрд теңгеге дейін өсті, яғни 1,5 есе артты. Әрине инвестицияның негізгі үлесі – 70%-ы тау-кен өндірісіне келеді.
– Біз 2020 жылды қарқынды бастадық, 2 айдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 3 есе артып, 102,6 млрд теңгені құрады. Карантин әсері шағын бизнеске тигенімен, облыстағы ірі және орта жобалар тоқтаған жоқ. Бәрі жоспардағыдай дамуда. Әкімдік тарапынан кәсіпкерлерге барынша көмек жасалып жатыр, – дейді М.Манкеев.
Өңір экономикасына құйылған инвестиция ішінде негізгі капиталға салынған шетелдік инвестицияның үлесі 91,3%-ды құрайды. Батыс Қазақстан облысы негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлеміндегі шетелдік инвестиция үлесі бойынша республикада 1-орын алады.
Жасыратыны жоқ, әкімдік өңірдегі ірі жобаларға көбірек көңіл бөледі. Өйткені әр ірі жобаның айналасына кластерлік орта пайда болады. Яғни ірі жобаларда жұмыс орны саны көп әрі ол жобаның қасында жанама жұмыс істейтін шағын және орта бизнес нысаны көбейеді. Сондықтан әкімдіктің апталық кеңесінде ірі жобалардың орындалу барысы үнемі талқыланып, бөлек қарастырылып отырады. Осының нәтижесінде 2019 жылы өңірде құны 354,2 млрд теңгеге бағаланған 10 ірі жоба пайдалануға берілген.
Жалпы, бүгінде облыста жалпы құны 2,4 трлн теңге болатын 126 жаңа инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жаңадан 2 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Соның ішінде биыл 370 млрд теңге игеріліп, 1600 адамға жұмыс беретін 102 жоба іске қосылмақ.
– Бұл жобалардың ішінде «Күбілей» компаниясының құны 700 млн теңге болатын тері өңдеу цехы, Орал жылыжай комбинатының құны 7 млрд теңге болатын жылыжай кешені жақында жұмысын бастайды, – дейді М.Манкеев.
Бұған қоса Орал трансформатор зауыты трансформаторлар үшін панельдік радиаторлар өндірісін биыл іске қосады. Бұл жобаға 4 млрд теңге инвестиция құйылған. «Квант» ЖШС-ның 2 млрд теңге көлемінде инвестиция салған жиһаз фабрикасы да биыл кіріседі. Ал Ұлыбритания, АҚШ, Нидерланд 425 млрд теңге көлемінде инвестиция құйған Қарашығанақ қайта өңдеу кешенінің газына өндіріс шектеулерін жою жобасы 2021 жылы жүзеге асады. Мұның бәрі өңірдің екінші тынысын ашып, экономиканы жаңа белеске шығарады деген сенім бар.
Облысқа инвестиция тарту және ірі жобаларды жүзеге асыру үшін Теректі ауданындағы Ақсуат стансасында 281 га жер бөлініп, индустриялық аймақ құру жоспарланған. Аймақтың техникалық-экономикалық негіздемесі, жобалық-сметалық құжаттамасы әзір. Жобаға мемлекеттік сараптама жүргізілді. Сонымен қатар биыл бұл жерде 1,7 миллиард теңгеге инфрақұрылым жүргізу мақұлданды.
Индустрияландыру картасы өңірде өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған. «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында 947 кәсіпкердің жобасына мемлекеттік қолдау шаралары жасалып, жалпы көлемі 124,2 млрд теңгеге несие мен инфрақұрылым қамтылған. Бүгінгі таңда несие сомасы 1 713 млн теңге болатын 55 жаңа жобаның пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау мақұлданды, төлемдер 220,6 млн теңгені құрады. Бұл – үлкен көмек.
– Өткен жылы «қарапайым заттар экономикасын» дамыту жөніндегі жоба іске қосылды, бұл бағдарламаны іске асырудағы кедергілерді жедел анықтау және жою мақсатында жобалық кеңсе құрылды. Оның құрамына жергілікті атқару орындары, «Даму» АҚ, кәсіпкерлік қауымдастық өкілдері кірді. Жобалық кеңсе бизнес-жоспарды әзірлеуден бастап қаржыландыруға дейін сүйемелдеуді жүзеге асырады, жобалардың тұрақты мониторингін жүргізеді, – дейді әкім орынбасары.
Жобалық кеңсе бүгінде жалпы құны 27,7 млрд теңге болатын 196 жобаны қадағалап отыр. Соның ішінде 8,8 млрд теңгелік 139 жоба мақұлданды. Тағы 3,7 млрд теңге көлеміндегі 37 жоба қаралу үстінде.
Әдетте кез келген экономикалық дағдарыстың «жатырында» жаңа өрлеу, тың серпілістің «ұрығы» дами бастайды. Бұл үшін экономиканың алғышарттары дұрыс жасалуы, дамудың іргетасы дұрыс қалануы керек. Батыс Қазақстан өңірінде осыған көңіл бөлініп жатыр.
Батыс Қазақстан облысы