• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
08 Қыркүйек, 2013

Захира – «құрақшы апаның» қызы

363 рет
көрсетілді

Захираның ұстанымы: «Қыз еркем кестесімен көркем, ұл еркем өнерімен көркем»...

...Есіне анасы Үрзия, әжесі Қатай, нағашы апасы Рыскүл оралады. Ауылдағылар нағашы апасын «Құрақшы кемпір» десетін. Өйткені, бүкіл ауылдың құрақ көрпесі осы Рыскүл апаның ине-жібінен шығатын. Ошақтың үш бұтындай отбасылық осы үштағанның ортасында еркелеп өскен Захира ісмерлікті қанына бала кезінен сіңірді. «Зер қадірін зергер білер» деп қойып, үш анасы да көйлек-көншектерді бірінен кейін бірін құлпырта тігіп отырғанда, шыны керек, Захира кейін осы өнер өзінің де түпкілікті кәсібіне айналар деп ойламаған.

 

Захираның ұстанымы: «Қыз еркем кестесімен көркем, ұл еркем өнерімен көркем»...

...Есіне анасы Үрзия, әжесі Қатай, нағашы апасы Рыскүл оралады. Ауылдағылар нағашы апасын «Құрақшы кемпір» десетін. Өйткені, бүкіл ауылдың құрақ көрпесі осы Рыскүл апаның ине-жібінен шығатын. Ошақтың үш бұтындай отбасылық осы үштағанның ортасында еркелеп өскен Захира ісмерлікті қанына бала кезінен сіңірді. «Зер қадірін зергер білер» деп қойып, үш анасы да көйлек-көншектерді бірінен кейін бірін құлпырта тігіп отырғанда, шыны керек, Захира кейін осы өнер өзінің де түпкілікті кәсібіне айналар деп ойламаған.

«Басқа түссе баспақшыл». Тоқсаныншы жыл келгенде жалға жер алып, пияз егіп те көрген, бірақ ол өте ауыр жұмыс екен. Жұмысының қиындығын қойшы, шыдар да көндігер, ең жаманы өсірген өніміңді өткеру екен. «Соноу Ресей асқан тауарың аман-есен өтіп, ақшасын қолыңа түп-түгел санап ала аласың ба, жоқ па?» деген күмәнді сауал жаныңды қинайды екен... Сол тұста, желкілдеп жүрген шағында апа-әжелерінен үйренген өнерді өгейсітпеу керек екенін түсінгені. Сәндеп, әшекейлеп, зерлеп үй жасауын тігу – қолға ала білсе нағыз кәсіп. Бұрын базарға барса, мұндай таңсық дүниелерді көрші қырғыз елінің қыз-келіншектері сатып тұратынын көретін. Біздің ағайындар болса қыздарына жасауды, үйлерінің төріне төсейтін көрпелерді таласып-тармасып солардан сатып алып жатады. Тіпті, матасының шыдамдылығы мен мақтасының қалың-жұқалығына, тігісі мен сәнінің сапасына да мән бермейді. Осыдан кейін...

...Көп ұзамай Захираның инесінен шыққан жасау бұйымдар Жамбыл өңіріндегі ақ жаулықты аналардың «хитына» айналды. Тіпті, «бренд» десе де болғандай. Шеберлігін ұштай келе көрпелерге «ат қою» керек екенін түсінді. Мысалы, жазушы Әзілхан Нұршайы­қовтың «Махаббат қызық, мол жылдар» атты романындағы «Қызыл көрпе» хикаясын білмейтін қазақ жоқ, сондықтан қыз жасауындағы көрпелердің бірін «Махаббат көрпесі» деп атап, бетіне аққудың суреттерін зер жіппен кестелеп түсірсе қайтер еді?!. Әрі әдемі, әрі жарнама емес пе!.. Сосын ол басқа көрпе-жастықтармен бірге міндетті түрде өтеді.

Захираның көрпелерінің тігісін айтсаңшы бәрінен де! Матасының мың құбылған түсі өз алдына бір төбе. Қарасаң көз тоймайды. Өнерліге есік қай жерде де ашық. Араға көп уақыт салмай, Тараз қаласынан «Жасау» деген жаңа фирма ашылды. Жасау сатып алушылар да көбейді. Бүгінде Захираның үйінің ауласына бара қалсаңыз жайылған көрпелерді, қыздың жиған жүгіндей текшеленген құрақ көрпешелерді көресіз. Көресіз де: «ата-бабаларымыздың «күшіңе сенбе, ісіңе сен», «қолы білген құм үстінен кеме жүргізер» дегендегі айтпағы осы екен-ау деп разы боласыз.

Захира бұл істе, әрине, жалғыз емес. Өзінің жанын да, ісін де түсінетін, ақыл-парасатымен де қолдап, қорғап, кәсібінің өрге домалауына тілектес болып жүрген жары Өмірзақ бар. Ұлы да қа­сында. Ал Захира апаларынан іс тігуді үйренеміз деп келген қыз-келіншектердің өзі бір шоғыр. Бойжеткендер осы шеберханадан үйленіп, отау құрып та жатыр. Захираның берген тәрбиесі мен тағылымы оларға құт болып қонуда. Неге десеңіз, мұнда олар ұлттық нақышқа салып көрпе-жастық тігумен ғана айналыс­пайды, сонымен бірге, отбасылық тәрбиенің әліппесімен де танысады. Ол – сабырлылық, ол – іскерлік, ол – парасаттылық. Ал бұл қасиеттерсіз олар өздерінің бақытты отбасын құра алмайтынын біледі. Сондықтан Захираның қыздары ұстаздарына қашанда разы.

– Тоқсаныншы жылдары анамнан, әжемнен және нағашы апамнан бойыма сіңген өнердің қызығын көре бастадым дедім ғой. Әсіресе, Наурыз мерекесі басталған кезінде батаға кенелем де қалам. Шайқорық ауылының ақсақалдары мен ақ жаулықты аналары мен тіккен кимешекті, шымылдықт ы, көрпе-жастықты көріп, «айналайын қолыңның өнері бар екен, сені осылай етіп тәрбиелеген анаңа мың да бір рахмет» деп талай рет бата берді, – дейді ол.

Жақында Захираның шеберханасына жолым түсті. Шеберхана дегеніміз оның үйі. Мезгіл ертеңгілік еді, бір қыз бала азанмен көрпе қабып отыр, ал ауланың есігін ашып тастаған. Аула толы көздің жауын алатын сан түрі тауарлар.

– Захира қайда? – деп едім, әлгі қыз «келесі үйде, қазір шақырып келейін», деп мен өтінбей-ақ жүгірді де кетті. Бұрын жайраңдап Захираның өзі қарсы шығушы еді, ішім бір жақсылықты сезді. Ол сезім «Жақын жерден тағы бір үй сатып алған болды ғой» деп сыбырлайды. Көп кешікпей Захира да келді. Ойлағанымдай Захира күйеуі Өмірзақ екеуі Түркияға көшкен бір көршісінің үйін сатып алыпты. Енді сол жерден үлкен шеберхананың қабырғасын көтермек. Міне, «кәсіп түбі нәсіп» дегеннің қарапайым мысалы.

– Қыздарыңыз тәрбиелі екен, сізді сұрауым мұң, маған айтқызбай «қазір шақырып келейін» деп тұра жүгірді, – деп жатырмын.

– Мен анамнан, әжелерімнен үйренсем, бұлар менен үйренеді. Қазақы тәрибенің негізі де осы елгезектік пен сәлемде емес пе...

Жақында Захира Мырзахметова «Еуропалық ғылыми-өнеркәсіп палатасы» деген дап-дардай ұйымның алтын медалімен марапатталды. Дипломның бетіне әшекейлі әріптермен «Мырзахметова Захира Мырзатаевна награждается золотой медалью за высококачественную профессиональную деятельность» деп жазылыпты.

«Өнерліге өріс кең» деген, міне, осы.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Жамбыл облысы.

Соңғы жаңалықтар