Жаңа дәуір қашанда жаңа құндылықтарымен, ерекшеліктерімен бірге жүреді. Бүгінгі заманның да өзіне тән айшықтары бар. Соның бастысы тәуелсіз елдің ақпараттық қауіпсіздігі, мемлекеттік тілінің атқарар қызметі.
Жаңа дәуір қашанда жаңа құндылықтарымен, ерекшеліктерімен бірге жүреді. Бүгінгі заманның да өзіне тән айшықтары бар. Соның бастысы тәуелсіз елдің ақпараттық қауіпсіздігі, мемлекеттік тілінің атқарар қызметі.
Ақиқатын айтар болсақ, ұлт санасындағы эволюцияға жол ашып отырған мемлекеттік саясат пен мемлекетшіл ақпарат құралдары екені белгілі.
Сол ақпарат кеңістігінде де түбегейлі өзгерістер болып жатыр. Елдегі қазақ аудиториясының талғамы мен талабы өзгеріп келеді. Енді осыған тоқталып көрелік.
Біріншіден, ақпарат тұтынушы халықтың талғамы өзгерді. Бастысы талғам өсті. Талғамы өскен жұрт ертең бүгінгіден де сапалы материал талап етеді. Сондықтан, аудиторияны жоғалтып алмау үшін медиа құралдар жаңа технологиялық әдіс-тәсілдерді де ұдайы жетілдіруге мәжбүр.
Екіншіден, елдің ақпарат кеңістігінде қазақ тіліне деген сұраныс өзгерді.
Бұл алда да жалғаса береді. Күннен-күнге қоғамның талабы да, сұранысы да артып, болашағын ойлайтын ақпарат құралдары үшін бейқам қызметті емес, керісінше, бәсекені өрістетеді.
Бәсекелестік қазірдің өзінде күш ала бастағандай. Әсіресе, жоғары технологиялық өндіріске айналған теледидар мен радиода, интернет аумағында айқын байқалуда. Бұл күні ертең қазақ аудиториясы үшін өзара тартысқа әкелері анық. Осы үлкен аламанның болатынын ерте түсінген «Қазақстан» Ұлттық арнасы басқалардан бұрын қамданып, көрерменін теледидар төріне шақыруда. Ұлттық арна жаңашылдық ізденіс пен қазақ тілді жобаларды көптеп шығаруға талпыныс жасап жатқанын айқын байқайсыз. Хабарлардың тек мемлекет тілінде әзірленіп, таратыла бастауы соның дәлелі болса керек.
Иә, 2011 жылдың қыркүйегінде «Қазақстан» телеарнасы тек ұлт тілінде хабар таратуға кіріскенде көпшіліктің көңілінде сан қилы сұрақ пен күдіктің болғаны жасырын емес. Республикалық телерадио корпорациясының төрайымы Нұржан Мұхамеджановадан бастап, қатардағы қызметкерлерге дейін жаңаша жұмыс ырғағын тауып, екі жыл бойы жаңаша ойлап, жан-жақты ізденіп, тың ынтамен көрерменге қызмет етуді басты мақсат етті. Бұл телеарнаның рейтингінің өсуіне кең жол ашты.
Тұтас елдің мүддесіне, Қазақстан халқына қызмет ететін ұжымның бұдан былай да талай биіктерді бағындырары сөзсіз. Ең басты нәтиже – үздіктер қатарынан табылуға ұмтылған Ұлттық телеарнаның беделі өсіп, ұжымның келер күнге деген сенімі күшейді.
Ұлттық телеарна қоғамның талабына сай жұмыс істеудің үлгісін көрсетіп, қазақтың табиғатын түсініп, рухани нысанасын дәл тапты. Қоғамның мәдени жаңғыруында «Қазақстан» телеарнасының жемісті жұмысы жұрт назарында.
«Қазақстан» телеарнасының қазақ тіліндегі екі жылғы жемісті қызметі ұлттық ақпарат кеңістігіндегі жаңа дәуірдің басталуымен сабақтасып жатыр деп ойлаймын.
Енді ақпарат ғасырындағы жастар аудиториясы туралы, олардың ақпаратты қолдану әдеттері жайында бірер сөз айта кетсек дейміз.
Жаңа медиа мен телекоммуникация қатар жетілуде. Қысқа мерзімнің ішінде «цифрлық» технологиялардың қарыштап дамуы медиа мен ақпараттық коммуникацияларды жақындатып қана қоймай, олардың бір-біріне кірігуіне әкеліп отыр. Қаламсап пен қағаз қолданбайтын ұрпақ өсіп келеді. Олар үшін қағазға жазылған ақпаратты іздеп, тұтыну қолайсыздық туғызуда. Өздерін «қағазсыз» ұрпақпыз деп атайтындар ноутбуктерді де ескірген құрал деп есептейді. Олар ноутбукті сирек қолданады, бар ынтасы соңғы үлгідегі жаңа құралдарда. Бұл тілдік ережелерге, тілдің стиліне өзгерістер енгізе бастады. Өскелең ұрпақ өзіне ыңғайлы медиа өнімдерге арқа сүйеуде.
Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев өткен жылғы Жолдауында мемлекеттік тіл ұлттарды біріктіруші басты факторлардың бірі екенін айтып, қазақ тілін жаңғыртып, тілді заманға сай үйлестіру қажеттігін алға тартты. «Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ деп атайтын боламыз» деген Елбасы сөзі халқымызға қайрат беріп қана қоймай, болашағымыздың бекем екенін көрсетті.
Ұлбосын ЕСЕНБЕК,
журналист, «Дарын» мемлекеттік жастар
сыйлығының лауреаты.