Футболдан Қазақстан құрамасы 2014 жылғы әлем чемпионаты іріктеу турнирі аясында Фарер аралдары командасымен кездесіп, 2:1 есебімен жеңіске жетті. Бұл – біздің құраманың іріктеу турнирі аясындағы алғашқы жеңісі болса, жыл басынан бергі екінші жеңісі.
Футболдан Қазақстан құрамасы 2014 жылғы әлем чемпионаты іріктеу турнирі аясында Фарер аралдары командасымен кездесіп, 2:1 есебімен жеңіске жетті. Бұл – біздің құраманың іріктеу турнирі аясындағы алғашқы жеңісі болса, жыл басынан бергі екінші жеңісі.
Бұл кездесу аса тартысты және қызықты өтті дей алмаймыз. Біздің құрама ойынды белсенді бастап, бірінші таймда қарсыластар қақпасына бірнеше қауіпті жағдай жасағанымен, Фарер аралдарына бір голдың өзін соға алмай кетті. Бірінші таймда есепті, керісінше, қарсыластар ашты. Кездесудің 22 минутында Фроуди Беньяминсен біздің қорғаныстағы қателікті ұтымды пайдаланып, Сидельниковтің торкөз қақпасына голды тоғытты. Мұндай жағдайды ешкім күтпегені белгілі. Осы кезде стадионға жиналған жанкүйерлер улап-шулап, құраманың ойынына наразылықтарын білдіріп жатты. Осыдан кейін манадан бері алақандай аралдың жігіттерін қалпақпен оңай ұрып аламыз деген отандастарымыз естерін жинап, қайта шабуылдауға көшті. Бірақ, ойынның бірінші жартысында таблодағы есеп сол күйінде өзгеріссіз қалды.
Ал екінші таймда сан-маринолық бас төреші бізге голды сыйлады десе болады. Ойын енді ғана басталғанда Фарер аралдарының қорғаушылары өз айып алаңында Хижниченконы құлатты. Бас төреші бірден 11 метрлік айып нүктесін нұсқады. Осы сәтті біздің жігіттер пайдаланып, есепті теңестірді. 11 метрлік айып добын мектепті «Алтын белгімен» бітірген Қайрат Нұрдәулетов сәтті орындады.
Айтқандай, матчтан соң Фарер аралдарының бас жаттықтырушысы командасының жеңілісіне бас төрешіні айыптап, пенальтидің болмағанын айтты. Ал ойынға қайта келсек, есеп теңескен соң, бас жаттықтырушы Беранек шабуыл шебін күшейту үшін алаңға Финонченконы шығарды. Ол бірден ойынға араласып, қарсыластар қақпасына маза бермеді. Сондай кездің бірінде, яғни ойынның 65 минутында ол екінші голдың авторы атанды. Оған пасты «Шахтердің» тағы бір шабуылшысы Сергей Хижниченко берді. Сөйтіп, біздің құрама «Шахтердің» осы дуэтінің арқасында жеңіске жетті деуге де болады.
Бұл матчта көптен бері ұлттық құрамаға шақырылмай келген «Тобылдың» шабуылшысы Нұрбол Жұмасқалиев өнер көрсетті. Бірден айту керек, жаман ойнаған жоқ. Қайта оның орнына алаңға шыққан Сергей Остапенконың ойыны көңілімізден шықпады. Хижниченко болса, жарады. Ол тағы Финонченко екеуі бір-бірімен бірден түсінісе алатындарын көрсетті.
Енді 10 қыркүйекте Швеция құрамасын қабылдаймыз. Олар Астанаға алдына Златан Ибрагимовичті салып келе жатыр. Бұл кездесудің жөні тіптен бөлек болатыны сөзсіз. Швеция, қалай дегенмен, Дания корольдігінің автономиясы саналатын Фарер аралдары емес.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан».
––––––––––––––
Суреттерді түсірген
Орынбай БАЛМҰРАТ.