Кеше Астанада саламатты өмір салтын ұстануға қоғамның, бұқара халықтың назарын аудару мақсатында «Денсаулығым керемет – жаттығуға көп рахмет!» ұранымен дәстүрлі кең ауқымды «Денсаулық фестивалі-2013» шарасы өтті.
Денсаулық күнінде барлық қазақстандықтар үшін таңғы және өндірістік гимнастиканы насихаттауға, саламатты өмір салтын сақтау мәдениеті мен оны кеңінен насихаттауға мүмкіндік туды.
Дәстүрлі жыл сайынғы аталмыш шара жаппай жүгіруден бастау алып, оған 5 мыңға жуық адам қатысты. Іс-шара аясында саябақта денсаулық қалашықтары ашылды. Бұл жерде астаналықтар мен қала қонақтарына медициналық тексерулерден өтуге жағдай жасалды. Диабет пен басқа да ауруларға экспресс тесттер өткізілді. Сондай-ақ, онда келушілер артериалдық қысымды өлшеп, ақпараттық-білім беру материалдарымен және денсаулыққа арналған кеңестер алды.
Осы шараға Алматы ауданының әкімі Сағым Бекболов та қатысып, жиналған жұртшылыққа «Денсаулық фестивалі-2013» акциясы туралы өз пікірін білдірді. Ол өз сөзінде қазіргі кезде мемлекет жастар денсаулығына көп көңіл бөлгендіктен, қаламызда спорт ғимараттары көптеп салынып жатқанын, жеткіншектерді спортқа бейімдеу мақсатында қала әкімінің қолдауымен жүзге тарта спорт клубтары мен қырыққа жуық спорт алаңдары ашылғанын айтып, мектептердің де спорт жабдықтары жыл сайын жаңартылып келе жатқанын атап өтті.
Осыдан кейін спорт ұжымдары каратэ мен ұлттық күрес түрлерінен, ал көркемөнерпаздық ұжымдар, ұлттық мәдени орталықтардың өкілдері жұртшылыққа ән айтып, өз өнерлерін көрсетті. Биылғы акцияға Марат Омаров, Бақыт Шадаева, Еркеш Хасен сынды Қазақстан эстрадасының өкілдері қатысты.
Айжұлдыз ЕРБОЛАТҚЫЗЫ,
Л.Н.Гумилев атындағы
ЕҰУ студенті.