Оқиға Маңғыстау облысындағы Қарақия ауданына қарасты Жетібай кенті маңында орын алды. Ауыл тұрғыны Дәулет Түйешиев жұмыс бабымен кенттен оншақты шақырым қашықтықтағы қатты қалдықтар төгетін орынды қадағалауға келеді.
Бұрын құқық қорғау орнында қызмет еткен Дәулет кейінен ауылдағы «Тұрмыссервис» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнына шебер боп қызметке кіріседі. Әр жұмыстың өз талабы бар дегендей, күндегісін күнде кенттен сыртқарырақ жатқан қалдық төгетін орға кеп, қадағалап-бақылап тұру жауапкершілігі мойнында болса керек. Ол әлгі орынға келіп, көлігінен түсе бергені сол екен, жыртқыш қарсы алдынан тісін ақсита айбат шегіп, ырылдап тұра қалады. Жекіп, жасқаған мұның ту сыртынан екпінмен кеп жабыса кетеді де, жігіттің жуан тұмсықтан пергілеген жұдырығын, қолын, арқасын тістелей бастайды. Өмірінің қыл үстінде қалғанын аңғарған Дәулет шапшаң қимылдап, бір қолымен қасқырдың ауызынан бүре ұстап, жағаласа жүріп жерге жығады да қылғындырып өлтіреді. Жақын маңда орналасқан «Қайсарсервис» ЖШС жұмысшылары келіп, жарақаттанған Дәулетті кент ауруханасына жеткізеді.
– Дәулет жаңа ғана менің қабылдауымда болды. Жағдайы жақсы. Қайратты жігіт болғандықтан аман қалды. Оның орнында бала-шаға немесе қарт кісі болғанда неге соқтырары белгісіз еді, – дейді кенттің жаңа сайланған әкімі А.Нұғыманов. Ауыл тұрғындары жыртқыш өлексесін өртеп жіберген. Қарттар ол аш қасқыр болуы мүмкін дегенді айтады. Әйтпесе, күн жылы, жер қарада қасқырдың адамға шабуы бұрын-соңды кездеспеген. Қалдықтар мен жақын маңдағы тас карьерлерінің асханаларынан шығарылған төгінділерді талғажу ететін қасқыр туралы «қараң-құраң адамдардан ығыр болып, аштықпен бірге ашу қысқан болуы мүмкін» деген жорамал да бар.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы.