Кеше Тәуелсіздік сарайында «Әлем – шебердің көзімен. Итику Куботаның кимонолары» атты бірігей көрменің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Көрмені ұйымдастырушылар – Халықаралық Шодиев қоры, Астана қаласының әкімдігі мен Жапонияның Қазақстан Республикасындағы елшілігі. Көрме 6-19 қыркүйек аралығында өтеді.
Астана қаласындағы өнерсүйер қауымға әлемдік көркемөнер саласындағы құндылығы жоғары, суретпен көмкерілген жапондық кимоно туындыларының үздік үлгілері ұсынылды. Көрменің ресми ашылуына Президент Әкімшілігінің, Парламент пен Үкіметтің, дипломатиялық корпустың өкілдері, кәсіпкерлер, қоғам және өнер қайраткерлері қатысты.
Кәсіпкер, меценат және Халықаралық Шодиев қорының негізін қалаушы Фаттах Шодиев, Жапонияның Қазақстан Республикасындағы елшісі Юдзо Харада, Итику Кубота мұражайының директоры Мияхара Сакуо және Астана қаласы әкімдігінің өкілі көрменің ашылуына арнап сөз сөйледі.
Итику Кубота (1918-2003) – ХХ ғасырдағы жапон көркем өнері мен текстилінің атақты шебері. Ол ұзақ жылдар бойы қылқалам өнері мен маталарды бояудың өзге де тәсілдерін, пейзаж және портрет салу өнерін зерттеген. Жапондық жібек матаны суреттеудің көне өнерін зерттей отырып, Кубота ондаған жылдар қатарынан оның құпиясын тауып, меңгеруге ұмтылған. Осылай, Кубота өзінің сурет салу бағытын қалыптастырған.
Фудзи тауының түрлі ракурстағы суреттері, Күншығыс елінің қайталанбас табиғи сұлулығы ерекше декоративті ландшафтқа бірігіп, бір кимонодан екінші кимоноға ауысады. Осылай түрлі мезгілдер мен көңіл күй қалыптастырады. Егер бірнеше кимононы біріктірсе, олар көз тартарлық ерекше сұлу пейзаж бейнеленген суретті құрайды. Өздерінің декоративтілігіне қарамастан, әрбір кимоно 2,5 метр матадан жасалған қылқалам өнерінің туындысы болып табылады. Әрбір кимононы жасауға шебер бір жылға жауық уақытын бөлген. Итику Кубота 2003 жылы 85 жасында қайтыс болған.
2010 жылы Жапониядағы «Итику Кубота мұражайына» банкрот болу қаупі төнді. Бірегей коллекция бөлшектеліп сатылып, жоғалып кете жаздады. Алайда, мұражайды белгілі меценат Фаттах Шодиев құтқарып қалды. Ол коллекцияны әлемдік мәдениет үшін толық күйінде сақтап қалу мақсатында және оның өмірінде Жапонияның алатын орнына алғыс ретінде сатып алды.
Халықаралық Шодиев қорының арқасында Астананың әрбір тұрғыны бірегей коллекцияны тамашалай алады.
«Егемен-ақпарат».