Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Денсаулық сақтау вице-министрі Лязат Ақтаеваның қатысуымен коронавирустық инфекция жағдайында медициналық көмектің ұйымдастырылуына арналған баспасөз мәслихаты өтті.
Кеше кешкі сағат 19.00-ге дейінгі ресми мәліметтерге қарағанда бүгінгі таңда елімізде қауіпті індетті жұқтырғандардың 1290 адамға жетті. Қуанарлығы, жазылып шыққандардың да қатары көбейіп, 240 адамды құрады. Өкінішке қарай, қайтыс болғандардың саны 16-ға өсті.
«Жұқпалы аурулар стационарларында 1034 адам емделіп жатыр. 21 науқастың жағдайы ауыр, 169-ның денсаулығы орташа ауыр деңгейде, 1 пациент қанды оттегімен қанықтыру аппаратына қосылған. Жағдайы ауыр пациенттердің ішінде: 9 науқас өкпені жасанды желдету аппаратына, 6 науқас өкпені маскалы желдету аппаратына қосылған, 7 науқас оттегіні жалғау арқылы өздігінен тыныс алып жатыр. Жүргізілген емдеу шараларының нәтижесінде 5 науқас өкпені жасанды желдету аппаратынан өз бетімен тыныс алуға ауыстырылды және жағдайы жақсарған 18 пациент реанимациядан бейінді бөлімдерге ауыстырылды», деді ол.
Денсаулық сақтау вице-министрі Л.Ақтаеваның сөзінше 370 медицина қызметкерінде коронавирус анықталған.
Алматы қаласында 177 қызметкер, Нұр-Сұлтанда – 92, Солтүстік Қазақстанда – 15, Атырауда – 17. Жалпы науқастанғандардың ішінде 29 пайызы дәрігерлер, 48 пайызы орта медициналық қызметкерлер, 23 пайызы кіші медициналық қызметкерлер. Науқастанған медицина қызметкерлерінің ішінде реанимациялық бөлімшелерде жатқандары жоқ», деді вице-министр.