Бүгінде пандемияның салдары ылаңы мен мұнай бағасының төмендеуі еліміздің экономикасына да теріс әсерін тигізуде. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті атқарушы орган жетекшілеріне әлеуметтік маңызы жоғары тауарлар мен азық-түлік түрлерінің бағасы негізсіз өспеуін және тапшылығы болмауын ұдайы назарда ұстауы қажеттігін шегелеп тапсырғаны белгілі. Президенттің осы тапсырмасын орындау және өңірдегі қаржы-экономикалық жағдайды жүйелі түрде реттеп отыру бағытында Ақтөбе облысында да жедел штаб құрылған-ды. Бұл құрылым аймақтағы азық-түлік бағасын тұрақтандыруға ықпал ете ала ма?
Шынтуайтына келгенде, құрамына жергілікті мемлекеттік орган жетекшілері мен құқық қорғау органдары өкілдері енген осы тектес құрылым облыста бұған дейін де іс-қимыл танытып келген. Алдағы уақытта жаңа міндеттерге орай оның қызметі одан әрі жетілдірілмек.
Жедел штабқа жетекшілік ету Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Аманғали Бердалинге тапсырылған. Ол штаб қызметін жаңа мазмұнмен толықтыру жөнінде бірқатар кешенді іс-шаралар белгіленгенін айтып берді. Оның басты арнасы әлеуметтік маңызы жоғары азық-түлік түрлерінің бағасын тұрақтандыруға бағытталған. Бұл ретте облыстағы 19 әлеуметтік маңызы жоғары азық-түлік тауарының 17-сінің бағасы республикалық орташа деңгейден төмен.
Өңірдегі азық-түлік бағасына мониторингтік бақылау жүргізу тәртібі енгізілген. Осы деректерге сай, соңғы кезде қаңтар, ақпан және наурыз айларымен салыстырғанда бірқатар позиция бойынша азық-түлік түрлері бағаларының өскенін көреміз. Сондай-ақ азық-түлік бағаларын тұрақтандырудың тағы бір ұтымды тәсілі ретінде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің жәрмеңкелерін ұйымдастыру көзделген. Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Қайрат Райымқұлов жәрмеңкеге шығарылған өнімдер нарықтық бағадан 10-15 пайызға төмен деңгейде болатынын айтады.
Биылғы тұңғыш жәрмеңкені 14 наурыз – Көрісу күнінде Хромтау ауданының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері бастады. Алдағы уақытты мұндай жәрмеңкелер аудандық және ауылдық әкімдіктерде де ұйымдастырылмақ.
Қалай дегенде де бағаның аты – баға. Оның табиғатына үнемі құбылып, өзгеріп тұру тән. Бірқатар шаралар белгіленгеніне қарамастан, бағаның аяқ астынан шарықтап шыға келуі ықтимал. Айталық «Жаңа Әлжан» элеваторында өндірілетін ұн бағасы 2019 жылдың ақпан айындағы көрсеткішпен салыстырғанда 38 пайызға өскені, сондай-ақ «Айс» ЖШС-де шығарылатын барлық сүт өнімдерінің бағасы 20 пайызға қымбаттағаны соның айғағы. Мұның себебі неде? Бүгінде бұл сауалға нақты жауап жоқ. Сондықтан бұған қатысты мәселенің ақ-қарасын табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі департамент мамандары мен сарапшылары түбегейлі тексеріп, оның қорытындысын тұрғындарға жеткізгені жөн.
Жедел штаб қызметінің нәтижелі жұмыс істеуіне қажетті тағы бір фактор – облыстағы ірі кәсіпорын басшыларымен меморандумдар бекіту болмақ. Мақсат – азық-түлік тауарларының бағасы негізсіз көтерілмеуіне бағытталған. Қазір Ақтөбе қаласында осындай 16 ірі кәсіпорынмен келісім жүргізілуде. Оның қатарында «Дина», «Анвар» секілді ірі сауда желілері және ауыл шаруашылығы тауарларын өндіретін өзге де әлеуетті кәсіпорындар бар. Жергілікті билік өкілдерімен жасалған екі жақты келісімге сәйкес олар өз өнімдерін нарықтағы бағадан 10-15 пайызға төмен сатуы тиіс.
Сондай-ақ бағаны тұрақтандыру ісіне өндіру мен тұтыну балансына қатысты жұмыстар да оң әсерін тигізбек. Әйтсе де осы іс өз деңгейінде атқарылмай жүр. Өйткені облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына аталған іс-шараларға қатысты бірде-бір ауданнан нақты мәліметтер мен деректер түспеген.
– Өндіру мен тұтыну балансы Ақтөбе қаласында жасалды. Соған сәйкес облыстың әр ауданында да мұндай құжат жасақталып, сол өңірде тұратын халық санына сәйкес әлеуметтік маңызы бар тауар түрлері қандай мөлшерде қажет екені мұқият талданып, есептелуі тиіс. Мұнсыз қолға алынған іс алға баспайды, – деді облыс әкімінің орынбасары, өңірлік жедел штабтың жетекшісі Аманғали Бердалин. Ол мемлекеттен субсидия және өзге де қаржылай көмек алатын агроқұрылымдар мен шаруа қожалықтары өз өнімдерін арнайы дүкендер арқылы тұрғындарға арзан бағамен ұсынуы қажет екенін атап өтті.
Бұған дейінгі жүргізілген талдаулар облыстың кейбір аудандарында 1 кило картоптың бағасы 130-150 теңгеден сатылғанын айғақтайды. Бұл негізсіз баға десек қателеспейміз. Қолда бар деректерге сүйенсек, бұған дейін өңірдегі тұрақтандыру қорына 1400 тонна картоп түсірілген. Соның 1000 тоннасы әр килосы 70 теңгеден тұрмысы төмен тұрғындарға сатылды. Мұндай жағдайда картопты тұрақтандыру қорынан аталған баға бойынша сатып алып, жергілікті жерде 75 теңгеден өткізуге болатыны анық.
Сонымен бірге аталған қорда пияздың әр килосы 60 және күнбағыс майының литрі 300 теңге көлемінде белгіленген. Жергілікті ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі кезінде осы мүмкіндік назарға алынса, бұдан ешкім де ұтылмас еді. Бүгінгі таңда облыста әлеуметтік маңызы жоғары деп белгіленген 19 азық-түлік түрінің 94 пайызы өңір аумағында өндіріледі. Бұл дерек бағаны негізсіз өсірмеуге және тауарларды делдалдар мен алыпсатарларды араластырмай, өндірушіден тұтынушыға тікелей жеткізіп беруге алғышарт қаламақ.
Бүгінде облыс орталығында «Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы аясында 21 шағын базар бар. Жедел штаб жетекшісі А.Бердалин аталған нарықтық нүктелерге қатысты жаңа тұжырымдама әзірленіп жатқанын жеткізді. Өйткені қай кезде де базарға бас сұғушылар аз болмайды. Сондықтан да шағын базарларды тиісті инфрақұрылымдық жүйелермен қамтуды ойластырып отырмыз. Сол кезде мұнда өз тауарларын сатуға ынта-ықылас білдіретін ауыл шаруышылығы тауарларын өндірушілердің қатары өсе түседі, деді ол.
Бұған дейін бұл шағын базарларда сауда жасаушылардан ай сайын 19 мың теңге төлем алынды. Жаңа тұжырымдамаға сәйкес алдағы уақытта аталған төлем алынып тасталмақ. Қысқасы, азық-түлік бағасын тұрақтандыру және оның тапшылығын болдырмау жөнінде Ақтөбе облысында құрылған жедел штаб мүшелері бүгінде қауырт қимыл-қарекет үстінде. Қолға алынған әлеуметтік сипаттағы іс-шаралар алдағы уақытта тиісті нәтижесін беретініне сенім мол.
Ақтөбе облысы