Жауапты әрі сауапты қызмет болған соң адамдардың амандығы үшін барымызды саламыз. Азаматтық арымыз сынға түскен осынау қиын-қыстау сәтте бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай жұрт болып жұмылып еңбек етудеміз. Қаншама қалалар карантинге жабылып, сақтық шаралары күшейтілді.
Әрине оның бәрі азаматтардың амандығы үшін жасалып жатқан шарапатты шаралар екенін ескеруіміз керек. Мен 1-топтағы қауіптілігі жоғары медицина қызметкерлерінің қатарындамын. Біз алты сағаттан кезек бойынша жұмыс істеудеміз. Кезегіміз аяқталғанда жатақханаға алып кетеді.
Осы орайда қауіпті індетпен білек түріп күресіп жатқан медицина қызметкерлерінің маңдай тер машақаты мен еңбегін ескеріп, батылдығын бағалап, төлемақы беруге шешім қабылдаған Президент Қасым-Жомарт Кемелұлына алғыс білдіргім келеді. Осы берілген мемлекеттік төлемақы медицина саласында індетпен күресіп жүрген қызметкерлердің жігерін жанып, жұмыстарына ынта сыйлайтынына сенімдімін.
Ғалия ХАУЕЗХАНҚЫЗЫ,
Солтүстік Қазақстан облыстық №1 қалалық ауруханасы Жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі