Медицина елдің экономикасы мен әлеуетін арттыратын салмақты сала деп білемін. Бүгінгі таңда әлем жұртшылығын алаңдатып отырған індетке қарсы күш жұмылдырған көптеген ел дәрігерлерінің қадір-қасиетін терең түсінгендей болды. Павлодар облыстық ауруханада дәрігер-инфекционист болып жұмыс атқарамын, жұмыс өтілім – 7 жыл.
Қазіргі күні төтенше жағдайлар режімінде жұмыс істеп жүрміз, карантиндеміз. Бүгін отбасымыздан алыста жүргенімізге 22 күн болды. Менің міндетім – коронавирусқа күдіктенген науқасты қабылдау, ауруханаға жатқызу, күнделікті қарау, ем тағайындау, ауруханадан шығару. Біздің еңбегіміз бен батылдығымызды бағалап, қазынадан төлемақы беруге шешім шығарған Мемлекет басшысына алғысымыз шексіз. Дәрігерлерге, әсіресе жұқпалы аурулармен күресіп жүргендерге әрдайым қолдау көрсетіп, еңбегі бағаланып, оларға ылғи да жақсы ақша төленуі керек деп есептеймін. Себебі біздің мамандығымыз өте қауіпті, күнделікті әртүрлі жұқпалы аурулармен бетпе-бет келіп жатамыз.
Қымбат ТЕМІРБЕКҚЫЗЫ,
Павлодар облыстық ауруханасының дәрігер-инфекционисі