Ұзындығы 184 шақырымды құрайтын «Үшарал-Достық» автомобиль жолы Алматы облысына қарасты Ынталы, Көктума, Жалаңашкөл және Достық елді мекендері арқылы өтетін болады, деп хабарлайды ИИДМ баспасө қызметі.
Бүгінгі таңда бас мердігер «Қыран» ЖШС мен «АБК Автодор НС» ЖШС негізгі жұмыстарға кірісіп кетті. Жұмыстың сапасын «Аймерке» ЖШС, «Альянс» ИӨО» ЖШС мен «Сапаинжиниринг» ЖШС бірлесіп бақылайды.
Қайта жаңарту жұмыстарынан өткен соң Үшаралдан Достық елді мекеніне дейінгі 184 шақырымдық күре жол ІІ-техникалық санатқа сәйкестендіріліп, екі жолақты автожол болады. Жоба аясында 12 көпір, 278 құбыр, демалыс алаңдары салынып, елді мекендердің маңында автопавильнодар орнатылады деп күтілуде.
Тасжолды қайта жаңарту жұмыстарына жол-құрылыс техникасының 363 бірлігі мен 571 маман жұмылдырылмақ. Ағымдағы жылдың соңына дейін аталған жолдың 60 шақырымында қозғалыс ашылады деп жоспарланған. Жоба аясындағы жұмыстар 2022 жылы толықтай аяқталуы тиіс.