• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Сәуір, 2010

БӘРІ ДЕ ӨЗІМІЗГЕ БАЙЛАНЫСТЫ

881 рет
көрсетілді

Ескендір Хасанғалиевтің ән кешінен кейінгі ой Ескендір Хасанғалиев! Бұл есім қазақтың ән өне­рінде ай­шық­ты әріптермен жа­зылып қалғанын екінің бірі біледі десек, асыра айтқандық емес. Есағаңды дүйім елге әйгілеген – Тәңір бер­­ген табиғи таланты: домбыраның қос шегіндей керемет үйлесім тапқан әншілігі мен композит­ор­лығы. Мұндай дарын екінің біріне қона бермейтін бақыт. Қазақ­станның халық әртісі, Мемлекет­тік сый­лық­тың лауреаты секілді атақ-ма­ра­паттар оны өзі іздеп тапты. Көп­шіліктің жүрегінен орын ал­ған әндері бүтін бір ұр­пақты, тұ­тас үш буынды елдікке, ерлікке тәр­биелеп, ұлттық рухты асқақ­та­та беретіні әмбеге аян. Әндердегі отаншылдық сыршыл сезім, кө­теріңгі леп, кең тыныс, үйлесімді ырғақ қоңыр үнмен астасып, қазақтың кең жазиралы даласын, шалқар көлін, бетегелі белін көзге елестетіп, тыңдау­шысын ерекше ынтықтырып отырады. Осындай хас талант иесімен жүздесуге қызылжарлық өнерсүйер қауым үнемі ынтық болып жүретін. Со­ның сәті түсті. Жарты ғасыр бойы өнер өлке­сінде жүзіп, өзіндік айшықты қолтаңба, өшпес із қалдыра білген әншіні, танымал композиторды Қызылжар өңірінің жұртшылығы гүл шоқтарымен құшақ жая қарсы алды. Н.По­го­дин атындағы орыс драма театры жиналғандарға лық толды. Әнші өз сөзінде облыс бас­шылары мен зиялы қауым өкіл­дерінің “70 жылдық мерейтойға ар­налған гастрольдік сапарыңыз­ды Мағ­жан­дай ұлы ақын туған киелі де қасиетті топырақтан бастағаныңызды қалаймыз” деген ұсынысын ри­за­шылықпен қабыл алғанын, соған орай “Жасай бер, қазақ!” атты ән бағдарламасымен Солтүстік Қазақстан облысына келгенін ай­та келіп, әнге кезек берді. Алды­мен “Туған елім, Қа­зақстан!” шыр­қалды. Одан кейін жұрт­шы­лық арасына кең таралған “Есіңе ал”, “Асыл арман”, “Ай­на­лайын”, “Келші-келші, ба­ла­шым” әндері орындалып, залға жи­налғандар қосылып отырды. “Мы­на әнімді 40 жыл бұрын жаз­ған едім. Атын айтпаймын. Бә­ріміз еске түсіріп көрелік. Ал, ба­лам, Біржан, сүйе­мелдеп жі­бер”, деп “Арманым, ақ сәулелі гү­лім­бісің” деп баяу ғана бастауы сол екен, зал іліп ала жөнелді. Ара-ара­сында әндердің шығу тари­хы­нан сыр шертіп отыруы да әдемі жарасым тапты. “Ғажайып сөз”, “Болмасын со­ғыс” атты жаңа ту­ын­дыларын ор­ындады. Ал “Әде­мі-ау” шырқалғанда залдағылар әуенге ілесіп, тіпті билеп кетті. Көптеген халықаралық бай­қау­лардың иегері, тұңғыш Пре­зидент қорының лауреаты Біржан Хасанғалиевтің әуелете салған әндері де тамсандырды. Ол са­з­герлік өнерімен де айрықша ықы­лас тудырды. “Мен ғашықпын” әнін көпшілік жылы қабылдады. Әкелі-балалы Хасанғалиевтер “Студенттердің қоштасуын”, “Ес­кірмеген махаббат” әндерін әуе­лете шырқады. Есекеңнің шәкірті, соңғы кездері үлкен сахналарда жиі көрініп жүрген Ержан Қабдуллин, С. Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма теат­рының әртістері Біржан Жалғас­баев, Ақтілек Балқыбекова, Самал Тәшімова салған әндер кеш ажа­рын аша түсті. Бағдарламалық кон­церттің соңында “Атамекен” әні орындалғанда тыңдаушы­лар­дың елге, жерге деген сүйіспен­шілігін тілмен жеткізу қиын. Ғажап ән кешінен ерекше кө­ңіл-күймен тарасақ та, өнер ие­сінің бұл сапары бізді түрлі ой­ларға жетеледі. Облыстың гео­саяси жағдайының әрқилылығы, жергілікті тұрғындардың аздығы, тіліміздің төрге өте алмай жетім баланың кейпін кешуі — мұның бәрі орны ойсырап тұрған рухы­мыздың отын қалай өшіріп алма­сақ деген жанашырлық игі тілек­тің нақты іске асуын қалайды. Бір ғана мысал. Облыста Ресейдің ән­шілерін шақырту сәнге айналып кетті. Тіпті жауыннан кейінгі са­ңырауқұлақтай қаптап барады десе де болады. Аты-жөнін ел біл­мейтін әншісымақтардың жел­буаз, даңғырақ әуендері жас бу­ынды талғамсыздық пен талғау­сыздыққа ұрындырып, тәлім-тәр­биедегі ұлттық асыл құндылық­тар­дан, адамгершілік, имани қа­сиеттерден айырып жатқаны жан­ға аяздай батады. Жуырда “Ің­кәр” продюсерлік орталығының шақыруымен Петропавлда “Лас­ковый май” тобының бұрынғы әншісі Юрий Шатунов концерт қойды. /Бұған дейін кімдер кел­меді дейсің./ Билеттің құны сту­дент­тердің бір айлық шәкір­та­қы­сынан кем еместігіне қарамастан, қазақ жастары қоғадай жапы­ры­лып барды. Ал, қазақша ән кеш­терін тамашалауға ықылассыз, ен­жар. Неге? Оның бір сыры мы­на­да жатқан секілді. Атап айт­қанда, еліміздің күміс көмей, жезтаңдай әншілері көбіне Ал­маты, Астана маңын, одан қалды оңтүстік жақтарды үйірсектеп, солтүстік аймақтарға келе бер­мей­тіндіктен, қара бастың пайдасын ойлаған бәзбіреулер жоғарыдай шараларды қолға алып, оңай ол­жаға кенеліп жүр. Өзіміздің өнер дүлдүлдерін “әке-көкелеп” ша­қыр­тып келтіре алмайсың. Ал уәде берсе, кейін айнып шыға ке­ле­тін жайттар кездеспей қоймай­ды. Оны айтамыз-ау, жаңа ғана та­нылып келе жатқан әншілердің әрқайсысы – бір-бір жұлдыз. Жақсы бағдарлама ұсынудың орнына алдымен қаламақысын сұрап әбден ығыр қылады, дейді мәдениет саласында жүргендер. Қазақстандық продюсерлік орта­лықтар қазақтың ұлттық өнерінің көсегесін көгертуді ойлап отырған жоқ. Олардың көкейін тесіп бара жатқаны бас пайда. Ұлтсыздану, ұлттық рухтан айрылу да — бат­пандап кіріп, мысқалдап шыға­тын ауру сияқты. Кейін айығу қиынға түседі. Осындай келеңсіз жайттарға қарсы тосқауыл қою­дың, алдын алудың, жас буынды одан алыстатудың амалдары жоқ емес. Солардың оңтайлы бір жо­лы, белгілі әншілердің аймақтарға гастрольдік сапарларын, өнер қай­раткерлерінің, ақын-жазушы­лардың кештерін жүйелі ұйым­дас­тыру дер едік. Маңызы зор осы­нау іске мемлекеттік тұрғыдан мән бермей болмайды. Ауыртпа­лықтың бәрін жергілікті билік ор­ындарына арта салмай, мәселен, Мәдениет министрлігі тарапынан да қолдау көрсетіліп, шығын қа­ра­жаттарын бірлесе көтерудің жол­дары ойластырылса абзал болар еді. Өткен жылы Қызылжар өңі­ріне облыстық әкімдіктің ша­қыруымен Алтынбек Қоразбаев, Роза Рымбаева секілді танымал өнер иелері келіп, абыройымызды асқақтатып, жастарымыздың есіне ұмытылмастай әсер қалдырып кетіп еді. Содан кейін осынау жақсы дәстүр саябырсып қалды. Көп жағдайда қаражат жағы қолбайлау. “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” деп жатқанымыз сон­дықтан. Әйтпесе, Сегіз Серінің, Біржан салдың, Ақан серінің ән­дерін көкіректеріне тоқып, кө­ңілдеріне сіңіріп өскен солтүстік өңір қазақтарының ұлттық өнерге деген шөліркеген құмары өзге елдің мәнсіз, жеңіл, әсіреқызыл әуендерімен алмасып жатса, обалы кімге? Екіншіден, жергілікті жерлер­де мәдени, рухани саладағы ор­талық, бірлестіктер баршылық. Солар жеке-жеке түйе айдағанша сөзі де, ісі де салмақты мәдениет басқармасы топтастыру, ортақ мақсатқа жұмылдыру ісін қолға алса, артық болмас еді. Мәселен, әрісі Сегіз Серінің, Біржан сал­дың­, Ақан серінің, берісі Шәм­шінің, Әсеттің, Ескендірдің, тағы басқа айтулы өнер шеберлерінің әндеріне қатысты байқаулар өткізсек, бір жағынан, олардың қымбат мұраларын қалың жұрт­шы­лыққа жеткізер едік. Бұрын­дары аймақтық ақындар айтысы, жыршы-термешілер, дәстүрлі ән додалары ұйымдастырылатын. Бұл жақсы қалып та үзіліп қалды. Бұдан кейін керауыздар “Е, бұл Ресейдің бір провинциясы”...деп айтып жатса, қайсысының аузына қақпақ қоярсың? Қазірдің өзінде облыс орталығы – Петропавл қа­ласында жарнамалардың, маңдай­шадағы жазулардың көпшілігі орыс тілінде. Ресей шаһарынан ай­ырмашылығы шамалы. Егер ұлттық рухымыздың сағы осылай сына берсе, оған кімді кінә­лар­сың? Тоқсан ауыз сөздің тобықтай тү­йіні, жанымызға жалау, рухы­мызға алау беретін осындай сәтті сапарлардың үзілмеуін тілер едік. Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы.