• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Сәуір, 2010

КӨКТЕМДЕЙ КӨРКЕМ БАЙҚАУ

601 рет
көрсетілді

Сәуірдің 16-18-і күндері елордада өтетін жас орындаушылардың республикалық ХІХ “Жас қанат” байқауында он бес үміткер бақ сынайды деп күтілуде. Ұйымдастырушылары Мәдениет министрлігі, Астана қаласы әкімдігі, “Хабар” агенттігі мен “Азия да­уы­сы” дирекциясы болып табылатын еліміздегі бірден-бір эстрадалық жас әншілер сайысының ерекшелігі – байқауға қатысушылар санының жылдағыға қарағанда өсе түсуі де­сек, қаншама өнерлі жастың үлкен сахнадағы тұсауын кесіп, жұртшы­лыққа танытудағы толайым еңбегі өз алдына бір мектеп деуге лайық. Ал оның мақсат-мүддесі не деген мәселені тағы да бір қысқаша тұжы­рымдайтын болсақ, бойындағы ән­ші­лік өнердің көзін толық аша ал­май жүрген еліміздің түкпір-түк­пі­ріндегі жас әншілердің үлкен сах­наға шығуына қолдау мақсатындағы мемлекеттік жоба. Оған дәлел, мысалы, биыл рес­пуб­ликаның түрлі өңірлерінен 60-тан астам өтініш келіп түскен. Бі­рақ, “бақ шаба ма, бап шаба ма” де­мекші, олардың өзі соңғы мәреге жет­кенше талай іріктеу мен сұ­рып­таудан өтіп, тек жүйріктері ғана “Жас қанат” байқауына жолдама алып жатады. Биылғы үміткерлердің саны өткен жылдарға қарағанда кө­бірек. Әйтсе де басты мәселе онда емес, қазақ эстрадасы келешекте тағы да қандай жаңа есімдермен толыға түсер екен деген көпшіліктің үмітінде. “Жас қанаттың” көкжиегі жылдан-жылға кеңейіп, еліміздің барлық аймақтарын қамтуға барын­ша талпынып жатқаны тағы шын­дық. Мәселен, сонау бір жылдары республиканың оңтүстік өңірлері­нен жастар көбірек қатысса, соңғы кездері сахнаны батыс өңірдің тү­лектері түрлентіп жіберген. Ал би­ылғы жолдаманың көбі Павлодар­дың пайдасына шешілген сыңайлы. Өйткені, “Жас қанат” сайысына бұл аймақтан төрт бірдей қыран сайла­нып келіпті. Оның біреуі – эстра­далық топ. Қалған өнерпаздар – Көкшетаудан, Қостанайдан, Ақтө­бе­ден, Талдықорғаннан, Оралдан, Алматы мен Астанадан, он жеті мен жиырма алты жасқа дейінгі аралық­тағы өрендер. 1992 жылдан бері эс­трада сахнасында 300-ден астам үмітті жағып, өнердің ұстаханасына ұлғайған байқаудың биылғы бақ­шасы да өнер жемісіне толып, шын жүйріктің мерейі үстем болады деген сенімді серік еткіміз келеді. “Егемен-ақпарат”.