Қарағанды облысында Социалистік Еңбек Ері, өткен ғасырдың 60-70-ші жылдарында атақты Кәмшат Дөненбаевадан кейін алып тракторды тізгіндеген Қарқаралының қайсар қызы Нұрбақыт Қабдыкәрімова дүниеден өтті.
Ол 1948 жылдың 3 қарашасында Қарқаралы ауданындағы қазіргі Мартбек Мамыраев атындағы ауылда туған. Еңбек жолын 1966 жылы туған ауылында қарапайым жұмыскер болып бастады, қой бағып, шопанның көмекшісі болды. Кейін механизаторлар курсын бітіріп, «МТЗ», «Т-4» тракторларын жүргізді. Қазақ қыздарының арасында «К-700» алып тракторын алғашқы болып тізгіндегендердің бірі.
Еңбекте озат болған ол 1972 жылы Ленин орденімен марапатталды. БЛКЖО-ның, Қазақстан ЛКЖО-ның съездеріне делегат болып қатысып, бірнеше рет аудандық, облыстық кеңестің, ал 1975 жылы ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды.
Ауыл шаруашылығы саласындағы ұзақ жылғы еңбегі 1982 жылы мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, Социалистік Еңбек Ері атанды. Омырауында екінші Ленин ордені мен «Орақ пен Балға» Алтын Жұлдызы жарқырады.
Нұрбақыт Қабдыкәрімқызының қазасына орай облыс әкімі Жеңіс Қасымбек марқұмның отбасына, туған-туыстарына көңіл айтты.