Қашанда «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», иыққа түскен жүкті бірлесе көтеретін халқымыз пандемия кезінде де өзара көмектен тартынып қалған жоқ. Biz birgemiz акциясы аясында республикамыздың түкпір-түкпірінде волонтерлер штабы құрылып, мұқтаж жандарға, қариялар мен зейнеткерлерге, көп балалы отбасыларға көмек қолын созуда.
Карантин режімі белгіленген Қарағанды қаласында бүгінде 240 волонтер жұмыс істеп жатыр. Saryarqa Jastary облыстық волонтерлер штабының жетекшісі Марғұлан Уәлиұлы қоғамдық жұмысқа араласып, көмек қолын созғысы келген волонтерлер арнайы сайтқа тіркеліп, өздері туралы ақпарат қалдыра алатынын айтты. Оның айтуынша, бүгінгідей шектеулер кезінде бұл тәсіл волонтерлер үшін тиімді көрінеді.
«Арнайы сайтқа өзі туралы ақпарат қалдырған волонтер туралы деректер бізге қолжетімді болады. Одан кейін облыстың қай аймағынан, Қарағанды қаласының қай ауданынан көмек сұрап хабарласқанына байланысты сол адамға жақын тұратын волонтерді көмекке жібереміз. Бұл волонтерлердің қауіпсіздігі үшін де, қажет кезде жылдам көмек беру үшін де ыңғайлы», дейді волонтерлер жетекшісі.
Волонтерлер штабына күн сайын меценаттар мен демеушілерден азық-түлік келіп түседі. Штаб күніне 5-6 отбасыны азық-түлікпен қатамасыз етіп жүр. Saryarqa Jastarу облыстық волонтерлер штабы ардагерлер, зейнеткерлер, жалғыз басты қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға және карантинге жабылған үйлердің тұрғындарына азық-түлік, дәрі-дәрмектерді тегін жеткізуде. 7 сәуірден 15 сәуірге дейін штаб волонтерлерінің көмегімен өтініш берген 80-нен аса отбасына азық-түлік, дәрі-дәрмек тегін жеткізіліп, коммуналдық қызметтер төленді. Оған қоса волонтерлер қоғамдық тәртіпті де реттеуге атсалысады. Мәселен, Halyk bank пен «Қазпошта» АҚ бөлімшелерінің алдында жәрдемақыға байланысты көбейген кезекті реттеуге көмектесті. «Бипэк Авто-Азия Авто» компаниялар тобы волонтерлердің жүріп-тұруы үшін көлікпен қамтамасыз еткен», дейді Марғұлан Уәлиұлы.
Серіктестердің қатарында жергілікті кәсіпкерлер, компаниялар мен мейрамханалар бар. Атап айтар болсақ, Vogue мейрамханасы, «900ооо09» автомобилистер клубы, QI Trade Kazakhstan компаниясы, «Купи мама» дүкені, Қарағанды облысы іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі Гүлия Жәңгірованың демеушілігімен 50 аз қамтылған отбасы азық-түлік себеттері және гигиена құралдарымен қамтамасыз етілді.
Жалпы, карантин режімі енгізілгелі штаб телефонына 700-ге жуық адам хабарласып, әлеуметтік желі арқылы 200-ден астам өтініш келген. Облыстық волонтерлер штабы демалыссыз жұмыс істейді.
«Азамат» қоғамдық бірлестігі Birgemiz: Bilim – Qaraǵandy жобасын іске қосты.
Аталған жоба аясында арнайы іріктелген волонтер-ментор ауыл мектептерінің жоғары сынып оқушыларына, оның ішінде жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған, көп балалы отбасылардың балаларын және мүгедектігі бар балаларды ҰБТ-ға, олимпиадаларға және ғылыми-интеллектуалдық конкурстарға дайындап, ағылшын тілін оқыту, компьютерлік және құқықтық сауаттылықты арттыру бойынша курстар ұйымдастырады. Жоба ұйымдастырушылары курстар Қарағанды қаласында және облыстың барлық елдімекендерінде қараша айына дейін жүргізілетінін айтады. Курсқа қатысатын жоғары сынып оқушыларын жобаның ұйымдастырушылары аудандық білім беру бөлімдерімен және жалпы білім беру мектептерімен бірлесіп анықтайды.
Сондай-ақ жобаға қатысу үшін білім беру ұйымдарының оқытушылары, жоғары оқу орындары мен колледждердің педагогикалық мамандықтарының студенттері мен Қарағанды облысының белсенді азаматтары арасынан кемінде 100 волонтер таңдау жоспарлануда.