Премьер-Министр Асқар Мамин Үкімет отырысында эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, карантиндік режимге өзгерістер енгізілетінін айтты.
- 20 сәуірден бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантиндік режим жеңілдетілді. Санитарлық нормаларды қатаң сақтай отырып, бірқатар саладағы кәсіпорын өз жұмысын бастады. Соның ішінде құрылыс, өнеркәсіп және кейбір қызмет көрсету салаларындағы кәсіпорындар бар. Эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, карантиндік режимге өзгерістер енгізіп және біртіндеп жеңілдету бойынша тиісті шешім қабылданады, - деді Асқар Мамин.
Үкімет басшысының айтуынша, өзге өңірлердегі кәсіпорындар да белгіленген санитарлық-эпидемиологиялық тәртіп қатаң сақталған жағдайда жұмысқа кірісетін болады.
- Басқа да бизнес өкілдердің жұмыс істеуіне рұқсат беріледі. Мұндай жұмыс елдің басқа да өңірлерінде жүргізіледі. Дегенмен бұл санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік қатаң сақталған жағдайда ғана мүмкін болады, - деді ол.