• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 22 Сәуір, 2020

Порттарда 1,6 млн тонна жүк тасымалданды

423 рет
көрсетілді

Биыл бірінші тоқсанда Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы 1,6 млн тоннадан астам жүк тасымалданды. Осы кезеңде Құрық портында шамамен 1700 жүк көлігі ауыстырып тиелді, бұл 2019 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 31%-ға артық. Сондай-ақ жыл басынан бері теңіз порттары арқылы шамамен 6 400 контейнер тасымалданды. Оның 50%-дан астамы Ақтау-Баку фидер желісі және әрі қарай Транскаспий бағытымен тасымалданды.

Былтыр Қазақстанның теңіз порттары арқылы жалпы 6 млн тонна жүк, оның ішінде 2,2 млн тон­на мұнай, 2,5 млн тонна құр­ғақ жүк және 1,4 млн тон­на паром жүктері тасымалданды. Жүк тасымалы көлемін одан әрі арттыру мақсатында Құ­рық порты мен Иран және Ре­сейдің Каспийдегі порттары арасында жаңа паром желілерін ашу мәселесі пысықталуда. Транскаспий муль­тимодальдық дәліз бойынша көлік құрамын азайту жөнінде қабылданған шараларды ескере отырып, экс­порттық жүк ағынының бір бөлігін Ақтау және Құрық теңіз порттарына бағдарлау жос­пар­ланып отыр. Транскаспий ба­ғыты шеңберінде жаһандық контейнерлеу жағ­дайында кон­тейнерлердің фидерлік та­­­сымалын арттыру жос­­пар­ланған. Бұл дәстүрлі тасымал­дау бағдар­ларымен са­­лыс­­­тыр­ғанда өзінің артық­шылығын дәлелдеді.

Жалпы 2030 жылға дейін порттар арқылы тасымалдау көлемін 18 млн тоннаға дейін, оның ішінде контейнерлік ағынды 300 мың ДФЭ дейін жеткізу жос­парланып отыр. Осыған байланысты перспективалы жүк ағынын порт қыз­меттерімен қамтамасыз ету үшін орта мер­зімді перспективада Ақтау пор­ты ин­фрақұрылымын жаңғырту және Құ­рық портында бас және үйінді жүктер­ді өң­деуге арналған терминал салу жоспарланды.

Төтенше жағдай кезінде порттар штаттық режімде жұмыс іс­теп тұр. Коронавирустық ин­­фекцияның таралуы­на жол бермеу мақсатында биылғы 16 нау­­рыздан бастап теңіз порт­та­ры арқылы жолаушылар­ды та­сымалдау уа­қытша тоқ­татылды. Порттарда сани­тар­лық-эпидемиялық ша­ралар күшейтілді. Келетін жүк көліктеріне дезинфекция жүр­­гізіледі. Бұл ретте порттарда бірінші кезекте қажетті тауарларды, азық-түлік өнім­дерін, дәрі-дәрмектер мен меди­циналық мақсаттағы тауарларды тасымалдайтын жүк көліктерін өткізуді оңайлату бойынша шаралар қабыл­данды.

Бүгінгі таңда порттар арқылы шамамен 1,3 млн тонна жүк (мұ­най және мұнай өнімдері, ас­тық, металл) экспортталды. Бұл 2019 жылғы сәйкес кезең көр­сеткішінің 98%-ына тең. Им­порт көлемі 224,9 мың тоннаны құрады (халық тұтынатын тауарлар, тамақ өнімдері, құрылыс матриалдары, цемент және т.б.). Бұл өткен жылдың сәйкес ке­зеңімен салыстырғанда – 102%. Би­ылғы бірінші тоқсанда шамамен 60,8 мың тонна транзиттік жүк (азық-түлік, тұрмыстық техника, дәрі-дәрмек) порттарда өңделіп, 2019 жылдың сәйкес кезеңі көрсеткішінің 86%-ына тең болды.

Еске сала кетейік, 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Ақтау портында қуаты 3 млн тонналық 3 жаңа құр­ғақ жүк терминалы және Құ­рық портында қуаты 6 млн тон­налық көпфункционалды па­ромдық кешен салынды.