• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Аймақтар 23 Сәуір, 2020

Биыл Маңғыстаудағы бірнеше елді мекенге кірме жолдар төселеді

452 рет
көрсетілді

Жаңалықпен Ақтаудағы «Маңғыстау-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінде өткен жиында өңірлік жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Болат Ережепов бөлісті, деп хабарлайды  «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Маңғыстау облыстық филиалы баспасөз қызметі.

Оның айтуынша, Маңғыстау, Түпқараған және Бейнеу аудандарына қарасты ауылдарға кірме жол салу жұмыстары жуық арада басталады деп күтілуде.

- Шайыр ауылының тұрғындарының қуана беруіне болады. Өйткені, кірме жолдың жоқтығы соңғы жылдары жиі көтеріліп жүрген мәселенің бірі. Қазіргі таңда жалпы ұзындығы 2,8 шақырымдық трассаны салуға қажет қаржы қаралып тұр. Маңғыстау ауданының әкімдігі конкурс ойнатуы керек. Жеңімпаз мердігер анықталған соң жол құрылысы басталуы керек, - деді ол.

Сондай-ақ осы ауданға қарасты Жармыш ауылына да ұзындығы екі шақырымдық кірме жол биыл салынуы тиіс. Орталық елді мекен - Шетпеден шығаберістегі ұзындығы 0,21 шақырым, Қарақия ауданының Ералы станциясына 12,5 шақырымдық кірме жолдар салынады. Дәл осындай жоба Бейнеу ауданының Сыңғырлау ауылы мен Түпқарағандағы Қызылөзен ауылында таяу арада жүзеге аса бастайды деп көзделген.

Айта кетейік, аталған трассалардың барлығы бірдей кеңестік кезеңде салынған. Уақытында жөндеу көрмеген соң тозығы жетіп, көліктің жүруіне жарамсыз жағдайда тұр. Енді олар қалпына келтірілетін болды. Тиісті қаражат  шешілген.

Енді осы кірме жолдар тиесілі елді мекен әкімдіктері конкурс ойнатып, мердігер мекемелер анықталады. Мұнан соң жұмыс басталады. Өз кезегінде мемлекет қаржысы бөлінген бұл жобалар да жол сапасын бақылаушылардың жіті назарында болады деген сөз.

Салу кезінде кемшіліктер анықталған жағдайда оны түзету бірінші кезекте мердігерге жүктеледі.