Атырау облысындағы «Теңізшевройл» серіктестігінің мұнай өндіру айлағында жұмыс істейтін Алматы облысының 64 тұрғыны үйіне оралды. Олар бүгін Атыраудан ұшқан әуе рейсімен Алматы әуежайына келіп қонды.
Жұқпалы індеттің өршуіне байланысты вахталық ауысымнан қайтқандар әуежайда коронавирусқа қарсы тексеруден өтіп, хаттамаға сәйкес оқшауланады. Қазір келген 64 адам арнайы автобуспен Қапшағай қаласының маңына жеткізіліп, «Күншуақ» демалыс орнына орналастырылған.
- Үйіне оралған серіктіктік қызметкерлері соңғы айда Теңіз кенішінде вахталық ауысымда жұмыс істеген, бірақ COVID-19 инфекциясы анықталған Ватернас вахталық кентінде тұрмаған. Дегенмен, қауіпсіздік мақсатында әуе рейсіне коронавирус инфекциясына тексеру экспресс-тестінің нәтижесі теріс болғандар ғана отырғызылды. Олар Қапшағай қаласына жеткізілгеннен кейін екі күн карантинге алынады. Облыс басшылығының тапсырмасымен аталған демалыс орнында барлық санитарлық-дезинфекциялық шараларды сақтай отырып, карантин кезінде жолаушылардың өмір сүруіне қажетті барлық жағдайлар толық қарастырылған. Екі күннен кейін аталған жолаушылар тұрғылықты жерлеріне арнайы автобустармен жеткізілетін болады, - деп хабарлады жағдайға орай түсінік берген Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.