• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 24 Сәуір, 2020

Карантин қала тұрғындарының қауіпсіздігі үшін қажет

335 рет
көрсетілді

Дүние жүзін дүрбелеңге салған коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу және эпидемиологиялық жағдайдың асқынуының алдын алу мақсатында Шымкент қаласы да Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан соң каран­тинге жабылды. Әлі ем-домы табылмаған індеттен қорғанудың төте жолы – үйде болу, оқшаулану ғана болып тұр. Бұл бірінші кезекте ірі қалалар үшін ауа­дай қажет еді. Төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Оңтүстік – халқы тығыз орналасқан өңір. Сондықтан індеттің таралуын тоқтатпасақ, жағдайды ушықтырып аламыз» деп, жергілікті атқарушы органдарға карантин шараларының орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырған болатын.

Әуел баста, жайма-шуақ басталған карантин шаралары күн санап өскен індет жұқтырушылардың көрсеткішімен қатаң режімге көшті. Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 18 сәуірдегі №11 «Карантиндік шараларды күшейту туралы» қаулысына сай қалада сақтық шаралары күшейтілді.

Шымкент қаласының барлық аума­ғында 2020 жылдың 19 сәуірі сағат 00:00-ден бастап 2020 жылдың 1 мамыры сағат 07.00-ге дейін бірқатар шектеулер енгізілді.

Атап айтсақ, айырбастау пункттерінің, микрофинанстық ұйымдардың қыз­метін онлайн жұмыс режіміне және «тұтыну­шыларға дейін жеткізу» қағидасына көші­ру арқылы уақытша шектелді. Соны­мен бірге қалада қоғамдық көлік­тер де жұмысын тоқтатты. 65 жастан ас­қан және 18 сегіз жасқа толмаған азамат­тардың тұрғын үйден ересек адам­ның сүйемелдеуінсіз шығуына ты­йым салынды. Бұл ретте Шымкент қала­сы­­ның полиция департаментінің, Ішкі істер министрлігінің Ұлттық гвардия­сы­ның, Қорғаныс министрлігінің әскери құры­лымдарының күштерімен карантин­дік аумақты патрульдеу тапсырылды.

Бүгінде қала әкімі Мұрат Әйтеновтің басшылығымен  еліміздің оңтүстігіндегі ең ірі орталық – Шымкент шаһарында Мем­лекет басшысының төтенше жағ­дайға байланысты берілген тапсырмасы кезең-кезеңімен орындалуда.

Шетелдердегі инфекциялық ахуалдан соң Мемлекет басшысының тапсырмасымен карантин дер кезінде жарияланды. Ал үшінші мегаполис Шымкентте 2020 жылғы 4 сәуірден бастап қала аумағында карантин режімі енгізілді. Бастапқыда Шымкентте COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны тым аз еді. Алайда, бейғамдық таныту қажет емес деп шешіліп, тоғыз жолдың торабындағы қала қатаң бақылауға алынды.

Індет екі шаһармен шектеліп қалмай­тыны екібастан белгілі-тұғын. Себебі карантин жарияланбай тұрып та өңірлер арасында қарым-қатынас болған. Сондықтан болар Шымкентте індеттің тез таралуы­на ықпал ететін жайттар аз емес. Өйткені Шымкент – Ұлы жібек жолы бойындағы үлкен дәліз. Еліміздің өзге өңірлеріне Шым­кент арқылы тәулігіне кемі 200 мың транзитті жолаушы өтеді. Ал одан тыс батыс пен түстік шекараға бет алған­дардың көбі осы шаһар арқылы өтетінін бір еске түсіріп қойыңыз. Көлік пен жолаушылар ағыны көп қалада індеттің қалай тез тарап кететінін ескерген қала әкімі Мұрат Әйтенов шұғыл іс-әрекетке көшті.

Қатерді алдын ала болжай білген жер­гілікті билік Шымкентке карантин режі­мін енгізу туралы шешім қабыл­дады. Қала әкімі карантин азамат­тар­дың өмірі мен қауіпсіздігін қорғап, денсау­лығын сақтау тұрғысынан қажет екенін қала тұрғындарына телеарна арқылы түсіндірді.

Әуелде ережеге бағынғысы келмеген тұрғындар қажеттіліктің тікелей өз өмірлеріне керек екенін түсінді.

 Бізге білікті дәрігер қымбат

Індеттің ошағы саналған Ухань қала­сындағы жаппай күрестен соң әлем жұр­тының назары ақ желеңді абзал жандарға ауды. Қытай ғалымдары елге бірінші кезекте шоу-бизнес емес, ғылым мен медицина керек екенін жарыса айтып жатты.

Елімізге індет келген күннен бастап отандық дәрігерлер қарусыз майданға кірді. Әлі де отбасынан айлап ұзап, басын қатерге тігіп жүр. Бұл құрметке, мақтауға, алғыс айтуға тұрарлық жағдай.

Республикамызда медицина қызмет­кер­лері жұмысының қауіптілігіне қарай 3 топқа бөлінген. Бірінші санаттағы өте қауіпті жағдайда жұмыс істейтін 24 қызметкерге 8,7 млн теңге бөлінді. Екінші санаттағы қалыпты жағдайда жұмыс істейтін дәрігерлер мен фельд­шерге, 845 медицина маманына 258,3 млн теңге бөлінді. Үшінші деңгейдегі қауіп­сіздік жағдайында жұмыс істейтін 421 медицина ұйымының қызметкеріне 51,3 млн теңге бөлінді.

Президент коронавируспен күресіп жатқан медицина қызметкерлеріне көмек көрсету туралы тапсырма берген болатын. Осыған орай, Шымкент қаласында 1 290 медицина қызметкеріне үстемеақы төленді.Үстемеқы алғандар – жансақтау бөлімдерімен қоса алғанда, жұқпалы аурулар стационарларының дәрігерлері, карантиндік аймақтағы орта және кіші медицина қызметкерлері, сондай-ақ провизорлық стационар мен жедел жәрдем қызметінің дәрігерлері мен жедел-жәрдем жүргізушілері.

Жан-жақты ойластырылған, ақылға қоным­­ды әрі оңтайлы шешімдер, сол шешім­­дерді жүзеге асырудағы жеделдік, тұр­ғын­­дармен кері байланыс қызметі Шым­­кент қаласы әкімдігі тарапынан жұмыс­тың жүйелене түсуіне көп септігін тигізді.

Азық-түлік бағасын тұрақтандыру мәселесі жіті бақылауға алынды. Бұл мақ­сатқа қажетті қаржы бөлінді. Шаһар бас­шысы бірінші кезекте қаланың базар, сауда орталықарын аралап, баға тұрақ­тылығын тікелей өз бақылауына алды.

Мемлекет бекітіп берген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақты ұстап тұру үшін әкімдік пен «Gramad Retail» ЖШС арасында келі­сім түзілді. Бүгінде аталған серік­тестік өзінің 2 супермаркетінде азық-түлікті белгіленген бағада сатуда. Өткен аптада «Gramad» супермаркетіне «Magnum», «Фиркан» сауда желілері де қосылды. Қазір қала аумағында бекітілген бағамен азық-түлік сатып жатқан 21 сауда желісі бар. Оған қоса «Gramad» супермаркеті қаладағы «Алаш», «Жібек жолы», «Қапланбек», «Акбар» және «Айна» базарларында арнайы көлікпен жылжымалы сату нүктелерін ұйымдастыруда.

Карантин кезінде азық-түлікпен қатар жеке сақтану құралдарына, атап айтқанда, медициналық бетперделерге сұраныс еселеп артқаны белгілі. Осы орайда Шымкентте тұрмысы төмен аза­маттарға жалпы саны 1 млн 100 мыңға жуық бетперде тегін таратылды. Оның 1 млн данасы «Birgemiz» қорынан бөлінді. Бұл көп реттік маскалар, сондықтан жуып, қайта қолдануға жарамды. Бұл игі іс сақ­тық шаралары аяқталғанға дейін жал­ғаса бермек.

Ағайынның бірлігі байқалды

Иә, карантин режімі енгелі ел-жұрт үйде қамалып, жұмыс тоқтап қалды. Қысыл­таяң сәтте елімізде көптеген аза­мат­тар табысынан айырылды. Осы күрделі кезеңде әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасыларға қол ұшын беру – мемлекеттің тікелей міндеті. Шымкент қаласында бұл жұмыс ойдағыдай жүзеге асуда. Атап айтқанда, Елбасы бастамасымен құрылған «Birgemiz» қорынан Шымкент қаласы бойынша 40 мыңнан астам тұрғынға ақшалай көмек беру жоспарланған. Бүгінгі таңда 22 мыңға жуық тұрғынның есепшотына 50 мың теңгеден қаржы аударылды.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес төтенше жағдай салдарынан табысынан айырылған Шымкент қаласының 202 мың тұрғынына 42 500 теңге төлем берілді. Өтініштерді қабылдау әлі де жалғасуда.

Ең маңыздысы, өңірдегі атымтай азаматтардың қаржылай қамқорлығы елдің береке-бірлігін тағы бір мәрте дәлелдей түскендей. Елбасы бастамасы мен Президент тапсырмасына үн қатқан шымкенттік кәсіпкерлер індетпен күресуге көмек беруден жарысқа түсті десек те болады. Барлығының мақсат-мұраты бір. Осынау індеттен ертерек құтылып, елде мамыражай күннің тез орнауына қызмет ету.

Бабалардан қалған жақсы дәстүр ұр­пақ­қа аманат. Ел басына күн туса ер еті­гімен су кешіп, тұлпары ауыздығымен су ішеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әскери міндеттілерді арнайы жиынға шақыру жөніндегі ұсынысына сәйкес Шымкентте ел үшін тер төгуге бел буған азаматтардың қатары көбейіп келеді.

Еріктілер қалалық әскери комис­сариат­қа тіркеліп жатыр. Төтенше жағ­дай кезінде қала әкімдігінің тапсырысымен әзірге 100-ге жуық азамат қабылданды. Олар зарарсыздандыру мен блок-бекеттерде патрульдеу жұмыстарын атқаруда. Бұл жолы 35 жасқа дейінгі азаматтар тіркеуге алынды. Жалпы, Шымкент қаласындағы зарарсыздандыру жұмыстарына 50 автокөлік пен 600-ге жуық адам жұмылдырылған. Сондай-ақ 200-ге тарта әскери қызметкер қамтылған. Сарбаздар қаладағы 4 ауданға 25-тен бөлінді. Оларды тасымалдау мен тамақтандыру мәселесі шешілген. Шымкент қалалық әскери комиссариатында арнайы медициналық комиссия жасақталып, үміткерлерді сараптамадан өткізді. Сынақтан өткен запастағы сарбаздар төтенше жағдай уақытында әскер қатарында болады. Айта кететін мәселе, жұмысы бар еріктілердің айлық жалақысы сақталады. Еріктілер мұндай қадамға пайда үшін емес, Отан үшін барғанын айтады.

 Сауда қоймаларында азық-түлік жеткілікті

Nur Otan партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері қала тұрғын­дарына азық-түліктің жеткілік­тілігіне көз жеткізу мақсатында «Санжар» сауда-логистикалық орталығының жұмы­сымен танысты. Орталықта «Сұлтан», «Маркетинг», «Аделина», «Алина-3», «Дариол», «Масло-Дел» ЖШС-і орна­лас­қан. Негізінен онда сақталатыны – азық-түлік тауарлары. Қазіргі таңда орталыққа күндігіне 350-400 тоннаның көлемінде азық-түлік әкелініп, таратылуда.

Тауарлар Қазақстанның бүкіл айма­ғынан және алыс, жақын шет мемлекеттерден (Пәкістан, Иран, Қытай, Ресей, Беларусь және т.б.) жеткізіледі. «Масло-Дел» ЖШС-і күніне 10 тоннаға жуық тауарын қала тұрғындарына ұсынуда және ірі сауда орталықтарына мекеме өзі жеткізіп береді. Кәсіпорын бас­шылары елімізде төтенше жағдай жария­ланғаннан бері өнімдерге сұра­ныстың екі есе артқанын айтып отыр.

Мәдени өмірге құштарлықты арттырды

Төтенше жағдай кезінде халықтың көңілін көтеру, рухын шыңдауда өнер мен мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбегі елеулі. Әлеуметтік желілерде Қазақ­стандағы ірі қала тұрғындарының көп­қабатты үйлердің терезесінен хормен ән шырқағаны көрсетілген бейнеролик­тер таралды. Сала мамандары түрлі чел­лендж­дер жолдап, карантин кезінде тұр­ғын­дардың мәдени-рухани демалысқа сусап отырған ағайынға үлкен көмек көр­­сетті. Осы орайда Шымкент қалалық мә­де­ниет, тілдерді дамыту және архивтер бас­қармасы 13-19 сәуір аралығында он­лайн форматта жалпы 57 мәдени кеш өткізді.

Мәдениет майталмандары күн сайын тікелей эфирде өнер көрсетуде. Онда түрлі спектакльдер мен тарихи қойылымдар және байқау, көрме сынды шаралар онлайн режімде ұйымдастырылуда. Сон­дай-ақ ақындар айтысын да үйде отырып, қашықтан тамашалауға болады.

Мұның өзі мегаполистегі моральдық-пси­хологиялық ахуалды жақсартып, қалып­ты тіршілігінен қол үзіп, үйінен шыға алмай отырған тұрғындардың ертеңге деген сенімін арттыра түсті.

Коммуналдық қызмет тарифі төмендеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 23 наурызда төтенше жағдай кезінде коммуналдық қызмет түрлерінің тарифін төмендетуді тапсырған болатын. Осыған орай, 2020 жылдың 1 сәуі­рінен бастап Шымкент қаласында ком­му­налдық қызметтердің тарифтері төмен­детілді.

Шымкент қаласында коммуналдық қызмет көрсететін табиғи монополиялар субъектілері Төтенше жағдай кезеңінде қала тұрғындарының қаржылық жүкте­месін төмендету мақсатында және қоғам­дық келісімнің тұрақтылығының маңы­зын ескере отырып, 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап өз бастамасымен төмендегі қызметтер бойынша тарифтерді төмендету туралы шешім қабылдады.

Атап айтқанда, «Су ресурстары – Мар­кетинг» ЖШС, «Қуат жылу орта­лық-3» МКК, «Тас Құдық Бак» ЖШС, «Жеңіс Т» ЖШС, «Сайрам су» ЖШС коммуналдық қызмет тарифтерін төмендетті.

Құрылыс қарқыны бәсеңдемейді

«Төтенше жағдай кезінде қаладағы құрылыс қарқыны бәсеңдемейді. Карантин жұмысқа қолбайлау болмауы керек. Барлық мүмкіндікті қарастыра отырып, жұмысты жүйелеген жөн. Қайта сын сәтте өзге өңірлерден келетін, қолынан іс келетін мамандарды көптеп еңбекке тарту жағын қарастырған дұрыс. Дегенмен, азаматтардың қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс». «Шымкент сити» шағынауданындағы салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын аралап көрген қала әкімі Мұрат Әйтенов осылай деді.

Қала басшысы мердігерлерге қиын-қыстау кезеңде жұмыссыз жүрген азаматтарды құрылысқа тартуға шақырды. Дегенмен жұмысшылардың денсаулығын жіті бақылауда ұстауды тапсырды. Мұрат Дүйсенбекұлы қазіргі кезеңде көпшілікті денсаулығы үшін қауіпсіздігін ескеріп, үйлерінде отыруға шақырды.

Қала әкімі барған нысанның бірі – 16 қабатты «француз» стиліндегі 4 үй. Құрылысты «Отау Строй» компаниясы жүргізіп жатыр.

Бас инженер Абжат Әкімовтің айтуын­­ша, 360 пәтерлі тұрғын үй жұмыс­тары­­ның негізгі бөлігі аяқталған. Қазір ішкі жөндеу және қасбеттерін қаптау жұ­мы­с­тары жүріп жатыр. Құрылысқа 3 млрд 955 млн теңге қаралған. Қала аума­­ғында карантин жариялануына байла­ныс­­ты шеттен келіп жұмыс істейтін жұмыс­керлердің бірқатары келе алмай қалған.

Қазір жергілікті азаматтарды жұмыс­қа тарту бойынша өтінімдер қабыл­данып жатыр. Оған қоса қалалық жұмыс­пен қамту орталығына жалпы қала аума­ғын­дағы құрылысқа қажетті 443 құры­лыс­шыға сұраным берілген.

Нысанды аралап көрген қала әкімі қажетті құрылыс материалдарын тасы­мал­даушы көліктердің қалада жүріп тұруы­на ешқандай кедергі болмау керегін атап өтті. Оған қоса қажетті құрылыс заттарын сататын көтерме қоймаларға да мүм­кіндік жасалғанына тоқталды. Құры­лысшылармен сөйлескен Мұрат Дүйсен­бекұлы мердігерге тұрғын үйді Қала күні қарсаңында тапсыру керегін ескертті.

 Президентке есеп берді

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновпен телефон арқы­лы сөйлесті. Талқылаудың негізгі тақы­рыбы – коронавируспен күрес, қазіргі санитарлық-эпидемиялық жағ­дай және аймақтардағы карантиндік шара­лардың орындалуы жайы айтылды. Мемлекет басшысының азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету, шағын және орта бизнесті кезең-кезеңімен іске қосу, көктемгі дала жұмыстары мен жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыру туралы тапсыр­маларының орындалуы сөз болды. Атал­ған мәселе бойынша Шымкент қала­сының әкімі Президентке қазіргі жағдайды баяндады.

Мұрат Дүйсенбекұлы Мемлекет басшысына елімізде төтенше жағдай жарияланған сәттен бастап, бірінші кезекте қала аумағына 18 санитарлық бұғаттау бекеті қойылғанын атап өтті. Ол жерлерде құзырлы орган өкілдерінен жасақталған топтар тәулік бойы үш ауысымда жұмыс істеп жатқанын, алғы шептегі қызмет­кер­лер қажетті медициналық киіммен толық қамтылғанын жеткізді.

Қала аумағы толықтай зарарсыздандырылуда. Оған қосымша күш ретінде Мемлекет басшысының Жарлығымен жасақталған 100 әскери міндетті сарбаз да тартылған. Медициналық қорғаныс құралдарының мәселесі шешілген.

Өз сөзінде М.Әйтенов Президентке «Өзіңіздің тапсырмаңызбен қолға алынған әлеуметтік төлем 42,500 теңгені Шымкенттен 225 мың адам алды. Ал «Біз біргеміз» акциясы негізінде аз қамтамасыз етілген 22 мыңға жуық адамға 50 мың теңге көлемінде бір реттік көмек берілді», деді.