Карантин басталғалы бері республика бойынша онлайн режимде 30 млн көрерменге дейін қамтитын 15 мың іс-шара өтті. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифинге айтты.
«Мәдениет және спорт министрлігі мен «Қазақтелеком» АҚ бірлесіп әзірлеген «Карантиндегі жұлдыз» онлайн жобасына көрермендер тарапынан жақсы пікірлер айтылып жатыр. Жоба іске қосылған сәттен бастап қазақстандық өнер жұлдыздарының қатысуымен 15 млн көрерменге дейін қамтитын 30 онлайн концерт өтті», деді Ақтоты Райымқұлова.
Сондай-ақ ол республикалық ұйымдармен қатар өңірлердегі мәдениет мекемелері де онлайн форматтағы іс-шаралар өткізіп жатқанын атап өтті.
«Жалпы карантин басталғалы бері республика бойынша онлайн режимде 15 мың іс-шара өткізіліп, шамамен 30 млн көрермен болған екен. Жүргізілген талдау барысында біздің азаматтарымыздың жүзеге асырылып жатқан әр түрлі жанрлық жобалар мен іс-шараларға қызығушылық танытатынын байқадық. Мәселен бір ғана онлайн концерт 1 млн адамға дейін аудиторияны жинайды екен. Біз бұған өте қуаныштымыз. Әрі қарай да жұмыстарымызды жалғастырамыз», деді министр.