Кеше Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев осындай бір тосын жаңалықтың шетін шығарды. Оның айтуынша, жақын күндерде алкогольді және темекі өнімдеріне акциздердің бағасы күрт көтеріліп кеткелі тұр.
Кеше Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев осындай бір тосын жаңалықтың шетін шығарды. Оның айтуынша, жақын күндерде алкогольді және темекі өнімдеріне акциздердің бағасы күрт көтеріліп кеткелі тұр.
«Бүгінгі таңға сигареттің акцизі оның мың данасына 1550 теңгені құрайды. Біз 2014 жылдан бастап бұл мөлшерді 3 мың теңгеге дейін ұлғайтып, өсімді 100 пайызға жуық деңгейге арттырамыз. Және бәрі мұнымен тоқталып қалмайды. Жыл санап біртіндеп көтерілетін акциз құны 2020 жылға қарай темекінің әрбір мың данасына 45 еуроға дейін жетеді», – деді министр.
Ведомствоның баспасөз қызметі сондай-ақ министрдің сөзіне сілтеме жасай отырып, алкоголь өнімдерінің бүгінгі таңдағы бағасы литріне 2,5 еуроны құрап отырғанын мәлім етеді. Ал 2014 жылдан бастап ол бірден 5 еуроға көтерілсе, 2016 жылға қарай 8 еуроға жетеді.
«Алкоголь мен сигарет акцизін ұлғайту Қазақстан үшін қажеттілік болып табылады, – деп есептейді Е.Досаев. – Мұндағы мәселе тек экономикаға ғана қатысты емес. Себебі, біздің елімізде темекі мен спиртті ішімдіктердің бағалары өте арзан. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, Қазақстан бір адамға шаққандағы спиртті ішімдікті ішу көрсеткіші бойынша әлемдегі алдыңғы отыз елдің қатарына кіреді. Ол бізде 7-8 литрді құрайды».
«Мен, әрине, бағаларының күрт артып кетуіне байланысты темекі шегушілер мен спиртті ішімдік ішушілер қатары бірден азая қалады деп санайтын құрғақ қиялдың адамы емеспін, – деді министр бұдан әрі. – Бірақ, осыдан кейін олардың бұрынғы тұтынушылары қатарына жаңадан қосылатындар санының азайып сала беретініне сенімдімін. Өйткені, әрбір адам енді оны бастар алдында қорабының бағасы 5-10 доллар тұратын темекіні тартуға болатынын, яки болмайтынын ой елегінен өткізіп алатыны анық».
Құрыш НҰРЫМБЕТ.