Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, карантин талабы күшейтілгеніне қарамастан, қаладағы аулаларда, ойын алаңдарында балалардың ойнауы жалғасуда. Сондықтан ата-аналарға ой салу үшін коронавирус түріндегі қуыршақтарды қолданылып отыр.
– Балалардың денсаулығын сақтау үшін осындай тәсіл арқылы ата-аналарды ойландыруды жөн көрдік. Өйткені, қауіпті инфекция балалармен бірге аулада «ойнап жүруі» мүмкін. Балалар даладан жұқтырып, үйге алып келуі ықтимал. Балалардың шоғырланған жеріне коронавирус кейпіндегі қуыршақтар барады,- дейді Атырау облыстық Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының директоры Берік Жәменов.
Балалардың кейбірі коронавирус кейпіндегі қуыршақты тосырқап қашқақтайды. Ал, кейбірі елігіп ойнағысы келеді. Сол кезде дауыс зорайтқыш іске қосылады.
–«Құрметті ата-аналар, балаларыңыздың тағдырымен ойнамаңыздар. Оларды қауіп-қатерге итермелемеңіздер. Одан да балаларға қорған болып, қорғаныңыздар. Коронавирус індеті әлемде талай баланың ажалына айналды. Көзге көрінбейтін қатер жаныңызда жүруі әбден мүмкін. Балаңыз коронавирустың келесі құрбанына айналмасына кім кепіл?! Карантин – далада ойнайтын емес, үйде қауіпсіздікті ойлайтын уақыт. Балаларыңыздың, отбасыңыздың амандығы үшін үйде отырыңыз, үйде ойнаңыз. Карантин біткенше шыдаңыз. Бұл – сіздердің қауіпсіздіктеріңіз үшін жасалған шешім. Тәртіпке бағынып, сабырлы болыңыздар» деген сөздер естіледі,- дейді Берік Жәменов.
Ұйымдастырушылар осындай тәсіл арқылы ата-аналарды ойландыратынына сенеді.