• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Сәуір, 2020

Маңғыстау: 18 876 адам жұмыспен қамтылады

102 рет
көрсетілді

Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының  басшысы Шыңғыс Дүйсенов мәлімдеді.

Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты кейбір мекеме, кәсіпорындар уақытша жұмысын тоқтатты, соның салдарынан кейбір азаматтар жұмыссыз қалды. Осыған орай, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп Маңғыстау облысының әкімдігі облыс бойынша халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің кешенді жоспарын жасақтап, бекітті. Жоспар шеңберінде барлығы 17 320 адам қамтылады деп күтілуде.

Жұмыспен қамту шаралары бойынша 8 067 адам тұрақты жұмыс орындарымен, 7 334 адам уақытша жұмыс орындарымен қамтылмақ. Сондай-ақ «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қысқа мерзімді кәсіптік оқуды бітірген 840 адам жұмыспен қамтылса, 624 адам шағын несиемен және 455 адам жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік гранттармен қамтылады.

- Төтенше жағдайға байланысты республикалық бюджеттен қосымша 1 556 адамды қамту үшін 585 млн теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде мемлекеттік грант – 180 адамға (95,4 млн теңге), ақылы қоғамдық жұмыс – 1 000 адамға (340,0 млн теңге), жастар тәжірибесі – 376 адамға (149,5 млн теңге).    Барлығын қосқанда осы Кешенді жоспар шеңберінде 18 876 адам қамтылады,- деді Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Шыңғыс Дүйсенов.

 

 

Маңғыстау облысы