Америка ғалымдары әр түрлі маскаларды зерттей келе, екі қабаттап қолдан тігілген маскалардың дәрігерлерге ұсынылған N95 респираторлардан кем түспейтінін анықтады.
Америка ғалымдары зерттеу нәтижесі бойынша екі қабаттап қолдан тігілген маскалардың аэрозоль бөлшектерінің 80-99%-ына тосқауыл болатынына көз жеткізген. Олар АҚШ-тың медицина қызметкерлеріне ұсынылатын N95 респираторларынан тиімділігі жағынан кем түспейді деген қорытындыға келді.
Зерттеушілер ауада сұйықтық пен қатты заттардың бөлшектерін шашырататын арнайы аэрозоль қондырғысын әзірледі. Осылайша олар қай масканың зиянды бөлшектерді жақсы ұстап қалатынын бақылаған. Ең нашар қорғаныс деңгейі бір қабатты маскаларда екені анықталды.
Сондай-ақ зерттеушілер масканың бетке ыңғайлы әрі жанасып тұруының, ешқандай жыртылған жерінің болмауы маңызды екенін ерекше атап өтті. Олай болмаған жағдайда, масканың көмегі кем дегенде екі есеге азаяды.