Жексенбі күні Астанада тұңғыш рет көкпардан өткен Азия чемпионаты мәресіне жетті. Осы күні еліміздің бас командасы бес күн бойы «Қазанат» атшабарының шаңын қаққан командалар арасында тұңғыш Азия чемпионы атанды! Сөйтіп, көпшілігіміз күткендей, Азия чемпионы деген мәртебелі атақты басқа емес, өзіміздің ұлттық құрама командамыз иеленіп, Астана аспанында еліміздің әнұранын қалықтатты.
Жексенбі күні Астанада тұңғыш рет көкпардан өткен Азия чемпионаты мәресіне жетті. Осы күні еліміздің бас командасы бес күн бойы «Қазанат» атшабарының шаңын қаққан командалар арасында тұңғыш Азия чемпионы атанды! Сөйтіп, көпшілігіміз күткендей, Азия чемпионы деген мәртебелі атақты басқа емес, өзіміздің ұлттық құрама командамыз иеленіп, Астана аспанында еліміздің әнұранын қалықтатты.
Осы күні біздің құрама финалда Қырғызстан командасымен кездесіп, 4:2 есебімен ұтты. Бұл кездесуде ат құлағында ойнаған жігіттеріміз Азия чемпионы атағын жеңіп алу үшін бар күш-жігерін жұмсап, айлар бойы төккен терінің жемісін көрді десе болады. Онда команданың бас жаттықтырушысы Қуанышбек Құрамаев бастаған ұлттық құрама өздерінің ептілігімен, бұла күшінің мықтылығымен жұртшылық алдында жанкүйерлерін жерге қаратпай, қарсыластарынан басым түсті. Кездесудің әділ, таза өткенін қырғыз құрамасының бас жаттықтырушысы да мойындап, алаңның бас төрешісі мен төрешілерге алғысын білдірді.
Жалпы, Азия чемпионатында сайдың тасындай іріктелген жігіттердің бәрі де жарады. Егер аттарын атап өтетін болсақ, Бақтыбай Шырынқұлов, Бағлан Шырымбаев, Құлажан Тоғайбаев, Дәулетбек Омбаев, Еркебай Омарбек, Нұржігіт Мырзабаев, Арслан Қабжанов, Ермек Көбей, Манарбек Дүйсенбиев, Ұлан Байтөреев, Темірхан Айтбаев пен Александр Пупенко деген жігіттеріміз тамаша өнер көрсетті.
Сонымен бірге, ойында жігіттердің мінген тұлпарларының да еліміздің Азия чемпионы атағын жеңіп алуына үлес қосқанын айтпай кетуге болмас. Әсіресе, Лазер атты тұлпардың ақылдылығы мен жылдамдығына қайран қалмасқа шараң жоқ. Кездесуде біздің құраманың қазандыққа салған серкелерінің көбісі осы Бақтыбай Шырынқұлов мінген тұлпардың көмегімен болды. Тұлпар чемпионат соңында «Ер қанаты» деген номинациясын иеленіп, өзіне лайықты құрметке бөленді.
Биылғы чемпионатқа басқа командалардың да жақсы дайындықпен келгендерін айтқан болатынбыз. Мәселен, финалда Қазақстан құрамасымен кездескен Қырғызстан командасы барлық жағынан лайықты қарсылас екенін көрсетті. Қазір бұл елде көкпарға мемлекет тарапынан көңіл бөлініп, үлкен қолдау көрсетіледі екен. Биылғы көкпар бәсекесіне де қырғыз құрамасы жақсы дайындықпен келіпті. Келгенде, Азия чемпионатына біздің құрамаға білдіртпей, біз білмейтін жаңа команданы жасақтап әкеліпті. Сол жігіттерінің бірі – Нұрмұхамед Қойшекеев чемпионатта «үздік салымшы» деген атақты иеленді.
Финалда олардың жылдам, шапшаң аттары біздің біраз аттарымызды ілестірмей кете жаздады. Қырғыздар командасына финалға жолдама алып берген осы тұлпарлары деуге болады. Дегенмен, біздің құраманың жігіттері финалда қырғыздардан барлық жағынан мықты екендерін дәлелдеп берді.
Азия чемпионатында Тәжікстан құрамасының өнері де көпшіліктің көңілінен шықты. Олар Қазақстаннан жеңілгенімен, Ресей мен Моңғолия командаларын, ал үшінші орын үшін өткен ойында Қытайдың Іле қазақ ауданының командасын ұтып, қола жүлдеге ие болды. Ал сенбі күні Ресей Өзбекстан құрамасын 9:2 есебімен жеңіп, бесінші орынды иеленді. Жетінші орын үшін кездесуде Моңғолияның Баян-Өлгей қазақтары Түркия құрамасын 9:4 есебімен ұтты.
Чемпионаттың жабылу салтанатында Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті, «Көкбөрі» халықаралық федерациясының басшысы Қайрат Сатыбалды көкпардан Қазақстан құрама командасына бас жүлдені тапсырды. Қауымдастық президентінің орынбасары Бекболат Тілеухан келесі Азия чемпионатының 2015 жылы Түркияның Ыстамбұл қаласында өтетінін хабарлады.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан».