• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 28 Сәуір, 2020

Өнерлі өрендерді жиған «EL Jastar»

221 рет
көрсетілді

Былтыр Көкшетауда талантты өрендерден құрылған «EL Jastar» театры ашылған болатын. Жаңадан құрылған шығармашылық ұжымы аз уақыт ішінде көпшілікке танылып үлгерді.

Театр труппасы ашылғанына көп өтпей жатып Ақтөбе қала­сының 80-жылдығына арналған «Балауса» халықаралық фести­валінде бақ сынады. Бәйге­ге қа­тысып қана қоймай, қала әкі­мінің сыйлығы мен фести­валь­дің арнайы номинациясын жеңіп әкелді. Шығармашылық үнемі жетіліп отыруды талап ететінін жақсы білетін өнерпаздар фес­тивальдегі жетістікке мар­қа­йып қалмай, басқа да сүбелі дү­­­ние­лерді сахналауды қолға алды. Осы орайда бүгінгі күннің ма­ңызды мәселесі – балалардың электронды гаджетке шектен тыс тәуелділікке ұшырауын проблема етіп көтерген «Асқар мен асық» атты ертегіні көрермен назарына ұсынды.

Театр труппасының негізгі құрамы Ақан сері атындағы Жо­ғары мәдениет колледжінің сту­денттерінен жасақталған. Ұжым­дағы колледж студенттері оқу бітірген соң ірі қалалардағы білім ордаларына оқуға түсті. Біразы әр өңірдегі театрларға жұ­мысқа орналасты. «EL Jastar» театрының жастары өз жолдарын тауып, өнер жолындағы биік мақсат, асқақ арманға қол соз­ғаны қуантады.

Театрдың арт-директоры Хәкім Хасанбай мен көркемдік жетекшісі Фархадбек Канафин намысқа тырысып, биылғы оқу жылы басталысымен тағы да сол колледж студенттерінен ірік­теп, жаңа труппа құрды. Ағым­дағы жыл «Абай жылы» деп белгіленуіне байланысты хакім шығармашылығын насихаттау мақсатында перформанс жанрын­дағы «Жастықтың оты, қайда­сың?!» атты спектакль дайын­дады. Көкшетаудағы «Абай жы­лы» ақпан айының ба­сында осы қойылыммен ашыл­ғанын атап өткен ләзім.

Бұл қойылымға үш ай уақытын сарп еткен екі маманның еңбегі зор. Осындай кезде Жоғары мә­дениет колледжінің директоры Құралай Ғазизқызы қолұшын беріп, қолдау танытқан. Өнерді терең түсінетін ол колледж қа­быр­ғасында оқитын талантты жастардың ұйымдасып, үлкен іске білек сыбана кіріскенін көр­ген соң, олардың алаңсыз дайындалуына жағдай жаса­ды. Сахна, кос­тюм сынды театр­дың бұлжымас бөлшектері, ба­летмейс­тер, дыбыс, жарық опе­раторы сынды сан қыр­лы мамандар да колледж студент­терінің арасынан табыла кетті. Премьераға келген ел ағалары жас­тардың өнерге деген махаббатын көріп, алғысын айтып, батасын берді. Еңбектің жан­ғаны деген осы емес пе! Ал Көк­шетаудағы Жанайдар Му­син атындағы жоғары қазақ пе­дагогикалық колледжінің д­и­рек­­­­торы Нұртас Ахатұлы 250 мың теңге көлемінде, Құра­лай Ыды­­рысова 180 мың теңге кө­­ле­мінде сертификат табыс­та­ған. Бұл жа­на­шырлықтан туған қолдау.

«EL Jastar» театры ұлы Абай­ға арналған осы қойылыммен облыстағы аудандар мен қала­ларды аралап шығуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ республиканың өзге өңірлерінде өтетін театр фес­тивальдеріне қатыспақ. Биылғы жылдан күтері көп талантты жас­тардың өнері өрістеп, жігері жа­лындай түссін дейміз.