Қазіргідей қауіпті індет қоғамды жайлап тұрған кезде әуелі әлеуметтің әлсіз топтарына көмек көрсету азаматтық парыз. Бұл орайда елімізде «Біз біргеміз!» республикалық акциясы бастау алып, Мемлекет басшысының бастамасымен және Елбасының тапсырмасы бойынша Nur Otan партиясы мен Тұңғыш Президент Қоры коронавирус кезеңінде көпшілікке қолдау көрсетіп келеді. Аталған акцияны Жамбыл облысы, Сарысу ауданының Атымтай Жомарт азаматтары да жалғастыруда.
Nur Otan партиясы Сарысу аудандық филиалының белсенді мүшелері мен ауданнан шыққан жомарт жүректі азаматтардан еріктілер тобы құрылып, олар аудандағы әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға қажетті азық-түлік салынған пакеттерді тегін таратуда. Жергілікті азаматтардың бұл бастамасына тұрғындар да дән риза. Көмекке мұқтаж жандарға көмек бергендердің қатарында Сағынбек Бегеев, Досбол Жылқыбаев, Байман Әлкеев, Жеңіс Тоғызақбаев, Ғани Рыспанов, Мұрат Төлепбеков, Мейіржан Хансейітов және Фархат Шайымқұлов секілді азаматтар бар. Сонымен қатар, игі бастамаға «Қаратау» ТКӨК, «Алтын Орда» ЖШС, «Жаңатас жел электр станциясы» ЖШС және «Ауданның іскер әйелдері» ұйымы да өзіндік үлесін қосып, қолдау білдірді.
Қайырымдылық акциясы аясында барлығы 7 миллион 684 мың теңгеге 535 отбасына жәрдем берілген. Сондай-ақ, еріктілер ауылдарда 21 тігін орнын ұйымдастырып, бүгінде 13800 бетперде таратылған. Сарысу аудандық әкімдігінің мәліметінше, 4500-ге жуық бетперде аудандық жедел штабтың қорында тұр екен.
Жамбыл облысы