Төтенше жағдай кезінде IT-компаниялар коронавирусты таратуға қарсы әрекет ету, мемлекеттік қызметтерді онлайн алу, қашықтан оқыту және т.б. салаға бағытталған 50-ден аса әзірлемені жасап, кейбірін жетілдірді.
Цифрлық даму вице-министрі Абылайхан Оспановтың айтуынша, төтенше жағдай кезінде көптеген IT-компания әлеуметтік жауапкершілік алып, көмек қолын созды.
«Еліміздегі ІТ-қоғамдастықтың өзіне әлеуметтік жауапкершілік алған сәттері аз емес. Әріптестер азаматтарға жаңа өмір салтына бейімделіп, қызметтерді қашықтан алуға қажетті түрлі әзірлемелер жасауға белсенді қатысты», деп атап өтті А.Оспанов.
Мысалы, ЭЦҚ-ны қашықтан алу қызметін «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ BTS Digital компаниясымен бірлесіп іске асырды. Компания қашықтан сәйкестендіру сервисін тегін ұсынды. Бүгінде 215 мыңнан аса қазақстандық ЭЦҚ-ны онлайн ресімдеді. Денсаулық сақтау саласына қатысты 15 түрлі шешім бар. Атап айтқанда, Ұлттық сараптама орталығында зертханалық зерттеулер жүргізу процесі автоматтандырылды, COVID-19 деректерді басқару жүйесі құрылды. Smart Astana мобильді қосымшасында «Мен карантиндемін» функциясы іске қосылды, ал eGov mobile-да COVID-19 тестілеу үшін сауалдаманы толтыру мүмкіндігі пайда болды. Айта кету керек, бұл шешімдердің басым бөлігі тегін жасалды.
Help.coronavirus2020kz порталын іске қосу – отандық айтишниктердің жұмысының нәтижесі. Осымен бірге екінші деңгейлі банктер шотты онлайн ашу қызметін шұғыл түрде ұсынды. Блок-бекеттерден өту рәсімін тездету үшін iQala.kz порталында Qorgan сервисі, сондай-ақ жүк тасымалдаушыларға берілетін рұқсатты электронды тексеру қызметі және т.б. іске қосылды. IT-компаниялар қазақстандықтарға білім беру саласындағы өз өнімдерін пайдалануда бірқатар жеңілдік ұсынды. Мысалы, Bilim media Group және Daryn Online платформалары өз сервистерін ақысыз режімге көшірді. Platonus компаниясы 1 шілдеге дейін елдегі бүкіл колледждерді өз жүйесіне тегін қосуға ниетті. «Өрлеу» инновациялық технологиялар орталығы қашықтан оқыту және тестілеу жүйесін тегін ұсынды. Отандық байланыс операторлары болса, барлық білім беру ресурстары үшін жұмсалған трафикті тарифтемейтін болды.