2020 жылғы бірінші тоқсанда ҚМГ мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі 5 929 мың тоннаны (тәулігіне 489 мың баррель) құрап, 2019 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда еш өзгеріссіз дерлік қалды. Ілеспе және табиғи газды өндіру көлемі 4,0%-ға2 260 млн м³ дейін өсті. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» ҰК» Ақ жұртшылықпен байланыс департаменті хабарлады.
Мега жобалардың (Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ) мұнай және ілеспе табиғи газды өндіру көлеміндегі ҚМГ үлесі 2 184 мың тоннаны (тәулігіне 191 мың баррель) және 1 597 млн м³ құрады, бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда тиісінше 4,6% және 5,9%-ға жоғары.
Теңіз кен орнында мұнай және газ өндіру көлеміндегі ҚМГ үлесі 2019 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 0,9%-ға өсіп, тиісінше 1 535 мың тонна (тәулігіне 135 мың баррель) және 841 млн м³ құрады. 2020 жылғы бірінші тоқсанда жаһандық пандемия Теңіз кен орнындағы өндірістік қызметке ықпал етпеді. Алайда сәуір айының ортасында ТШО-ның мердігерлік ұйым қызметкерлерінен COVID-19 жұқтыру жағдайлары анықталды. ТШО қызметкерлер арасында індетті жұқтыру қауіпін азайту үшін Теңіз кен орнында қауіпсіздікті қамтамасыз ету жоспарын әзірледі. Жоспар негізгі өндірісте құрылыс жұмыстарын тоқтатуды, болашақ кеңейту жобасы аясында аса маңызды емес жұмыстарды кезең-кезеңімен тоқтата тұруды және Теңіз кен орны аумағында қызметкерлер санын азайтуды көздейді.
Қашаған кен орнында мұнай өндіру көлеміндегі ҚМГ үлесі 23%-ға 365 мың тоннаға дейін (тәулігіне 32 мың баррель) ұлғайды. Табиғи және ілеспе газды өндіру көлемі 25,2%-ға өсіп, 219 млн м³ құрады. Мұнай және газ өндіру көлемі екі ұңғыманы айдау қорына ауыстыру есебінен газды айдау көлемінің ұлғаюы және өндірістік нысандарды пайдалану коэффициентінің жақсаруы нәтижесінде артты. 2020 жылғы бірінші тоқсанда Қашаған кен орнында орташа тәуліктік жалпы өндіру деңгейі тәулігіне 384 мың баррельді құрады.
Қарашығанақ кен орнында мұнай өндіру көлеміндегі ҚМГ үлесі 5,2%-ға артып, 285 мың тоннаны (тәулігіне 25 мың баррель) құрады. Газ өндіру 538 млн м³ құрап, 2019 жылғы бірінші тоқсандағы деңгейден 8,1%-ға жоғары болды. Мұнай мен газ өндіру көлемінің өсуі Орынбор газ өңдеу зауыты тарапынан газды тұрақты қабылдап тұруына және 2019 жылғы қыркүйек-
қазан айларында Қарашығанақ өңдеу кешені (ҚӨК) және Газды кешенді дайындау қондырғысы (ГКДҚ) нысандарында жоспарлы-алдын алу жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты болды.
Операциялық активтерде мұнай мен газ өндіру көлемі 2,8%-ға, тиісінше 3 744 мың тоннаға (тәулігіне 298 мың баррель) және 663 млн м³ дейін төмендеді. Операциялық активтердегі өндіру көлемінің азаюы негізінен Қазгермұнай және ПетроҚазақстан кен орындарында өндірістік жоспарға сай өндіру деңгейінің сәйкесінше 28,4%-ға және 22,3%-ға табиғи жолмен төмендеуіне байланысты болды.