Жазы қысқа, жылуы аз біздің өңір үшін көкөніс өсіру қияпат шаруа. Әйтсе де, жекелеген аудандарда жылыжай салып жап-жақсы өнім алып отырған мысалдар аз емес.
Таяуда Зеренді ауданының әкімі Бауыржан Ғайсамен жүздескен сәтінде облыс әкімі Ермек Маржықпаев көкөніске көңіл аудару керектігін тиянақтап тапсырды. Оған барлық мүмкіндік бар. Құнарлы жер де, су да жеткілікті. Дайын өнімді өткізу де ешбір қиындық туғызбайды. Өйткені , бәсекелестік бел алып тұрған жоқ. Егер диқандар осы жұмысты мықтап қолға алса, өздері де табысқа кенеліп, әрі базар бағасын арзандатуға сеп болар еді.
Ауданда көктемгі егіс науқаны басталып та кетті. Барлығы 120 мың гектар жерге ылғал жабу жұмыстары жүргізілген. Кейбір шаруа қожалықтары өткен жылмен салыстырғанда танап басына кеш шығып отыр. Егіске қажетті тұқым отандық өндірушілерден сатып алынған. Әзірге 8000 гектар жерге дән сіңірілді.
–Бізге жүктелген міндет көп. Аграрлық жыл басталуда. Ауыл шаруашылығымен айналысатындарға мемлекет 5 пайыздық жеңілдікпен несие беруде, дизель отынының 1 литрі 165 теңгеден сатылуда. Үкімет тарапынан қолдау көп. Сондықтан, барынша еңбектенейік,–деді, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев.
Биыл қар қалың түскендіктен ылғал да мол. Диқан қауымының еңбегі ақталатын-ақ жыл болып тұр.
Ақмола облысы