• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Сұхбат 30 Сәуір, 2020

Ерсін Жүнісов: Коронавирусқа қарсы тиімді әдіс

357 рет
көрсетілді

– Ерсін Тұрсынханұлы, өзіңіз жетекшілік ететін Семей медицина университетінің ғалымдары күллі әлем­ді алаңдатып отырған корона­ви­рус инфекциясымен күресте қол­да­нуға болатын жаңа құрылғы ойлап тапты деп естідік. Бұл қандай құ­рыл­ғы?

– Қытайдың Ухань қаласында жаман індет шыққаннан кейін әлем елдері жұқпалы дерттің емін іздей бастады. Елімізде де дер кезінде тиісті шаралар қабылданды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық медицина ғылымын дамытуды тапсырғаны белгілі. Қазір біздің оқу орны Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасымен талдау бойынша жұмыс істеп жатыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасымен келісе отырып, университет қабырғасында медициналық штаб құрдық. Инфекциялық, карантиндік, провизорлық ауруханаларға цифрлы технологияларымызды, телемедици­на­ны, бейнекамераларымызды, план­шет­терімізді қойдық. Айта кету керек, Өскемен және Семей қала­сын­да­ғы ауруханаларға қосымша 4G план­шет­терді жергілікті меценаттар мен қала­лық және облыстық мәслихат де­путат­тары, Nur Otan партиясының мүше­ле­рі алып берді. Ғалымдарымыздың ойлап тапқаны, қарапайым ғана құрылғы. Нау­қас өздігінен тыныс ала алмай, ауыр жағдайда болғанда интубацияны тезі­рек қою үшін қолдануға болады. Бұл – бір. Екіншіден, дәрігерлердің инфекция жұқтыру мүмкіндігін төмендетеді. Мәсе­лен, осы құрылғыны қолданған жағдайда наркоз беретін анестезиолог науқастың тура үстінде тұрмай алысырақ тұрады, сол кезде инфекция жұқтыру деңгейі тө­мен болады.

 

– Құрылғы қалай жасалды, идея қа­лай пайда болды?

– Бұл құрылғыны жасауға дәстүрлі ларингоскоп, камера және смартфон пай­да­ланылды. Университеттің реаниматолог дәрігерлері жас резиденттермен ақылдаса отырып ларингоскоптың үстіне штатив қойды да, смартфонға жал­ға­ды. Камера қоятын орын істеді. Қолдан жасалған құрылғы тура зауыттан шыққандай болып шықты. Әрине бұл жұмыс оңай болған жоқ. Тоғы, камерасы бар, бәрін ларингоскопқа дұрыстап бекіту керек. Өйткені бұл – науқастың аузынан өкпесіне дейін кіретін құрылғы. Ларингоскоптың желкесіне камераны қою үшін көліктерде терезеге жабыстырылып тұратын ұялы телефонға арналған бекітпенің жартысын қиып алдық. Те­ле­фон мен камераны үйлестірудің де өзіндік қиындықтары болды. Бізге бә­рі­нен де қиын түскені – камера. Мұн­дай камера Гонконгта, Қытай мен Гер­манияда шығады. Осы жаңалықты естіген Семейдегі Nur Otan партиясының мүшелері, әріптестерім 3 камераны тауып, бізге сыйға тартты. Негізі зауыттан шығарылған, дайын тұрған бейнеларингоскоптар Швейцария мен Германияда бар. Оның бағасы 1,5 млн теңгеден 8 млн теңгеге дейін барады. Бұл құрылғыны қазіргі жағдайда сатып алу, жеткізу мүмкін емес. Сондықтан ғалымдар осындай қадамға барды. Ал бағасы – барлық қосалқы заттарымен қосқанда 12 мың теңге ғана. Бұл – мемлекеттің денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаражатына да үлкен үнем, яғни экономикалық тұрғыдан тиімді әрі медициналық көмектің сапасына әсер етеді.

– Бұл құрылғыны коронавирус ин­фек­циясына қарсы қолданып көрді­ңіз­дер ме?

– Бір камера дайын тұр. Кез келген уақытта қолдануға болады. Бірақ әзір­ге қолданған жоқпыз. Өйткені бізде құрылғыны қатты қажет ететін реани­мациялық жағдай жоқ. Болмай-ақ қойсын. Құдай бетін аулақ қылсын. Жалпы, бұл құрылғыны тек коронави­рус емес, басқа да ауруларға қол­да­нуға болады. Біздің университеттің Реани­ма­тология кафедрасының ассистенті Дәулет Төкенов жас дәрігерлермен бірге құрыл­ғыны бірнеше ауруға қолданып көріп, нәтижесі сәтті болғанына көз жеткізді. Содан кейін көпшілікке жария етіп, құрылғыны заңды түрде тір­кету үшін халықаралық патент ұйы­мына жіберілді. Қазір құрылғыға қызы­ғу­шылық танытқан адам аз емес. Егер басқа өңірлердегі әріптестерімізден сұра­ныс болса, ларингоскоптарын әкел­се, камераны тегін орнатып беруге дайынбыз. Бізде оны қоятын инженерлер мен медициналық техниктер бар. Бұл – ұжымдық еңбек. Денсаулық сақтау министрлігі ғалымдардың еңбегін құптап, «өте жақсы шешім» деп жоғары баға берді.

– Құрылғыдан бөлек бірнеше ба­ғыт­та әдістемелік нұсқау әзірлеген екен­сіздер...

– Халықаралық университет бол­ған­дық­тан көптеген шетелдің оқу орындарымен серіктеспіз. Әлемнің алдыңғы қа­тар­­лы елдерінің (АҚШ, Қытай, Израиль, Оңтүстік Корея, Жапония, Италия, Түркия) ғалымдарымен тығыз байланыс бар. Желтоқсан айының соңынан бері әлемдегі ахуалды, коронавирус­ты емдеу барысындағы жетістіктерді, қолданылған озық технологияларды жіті бақылап отырмыз. Әсіресе Ухань қаласы, Оңтүстік Корея, Жапония мен Израиль елдеріндегі емдеу шараларын мұқият зерделедік. Министрлік бізге талдау бо­йынша тапсырма бергеннен кейін әлемдік клиникалық хаттамаларды, Қазақстанда шыққан хаттамаларды қарастыра отырып, індетпен күрестің тиімді жолдарын іздестіру мақсатында университетте талдау тобы құрылды. Бір жарым ай бұрын ғылыми кеңесте аналитикалық топтың жұмысы негізінде 12 бағытта әдістемелік нұсқаулық шығару жөнінде шешім қабылданды. Осы бағыттар бойынша оқу орнындағы 46 кафедра 12 топқа бөлінді де, ғалым­дар­дан командалар жасақталды. Эпи­де­миялық ошақтарды зарарсыздандыру, бұл бағыттағы жұмыстарды ұйымдастыру, реанимациялық-интен­сив­тік терапияны жүзеге асыру, ауру­ха­налар ішіндегі инфекциялық-эпиде­ми­ялық бақылауды жүргізу, жүкті әйелдерді емдеу, цифрлы технологияларды қолдану секілді бағыттар бойынша тәжірибелік дәрігерлерге әдістемелік нұсқаулық әзірленді. Оны қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде даярлап, тегін таратып жатырмыз. Әдістемелік нұсқау дүние жүзіндегі қолданылған әдістердің жиынтығы және ғалым кли­ницис­тердің, басқа да ауруларды емдеу диагностикасының негізгі қағидаларына сүйене отырып дайындалды.

– Қазір өңірде де Қытайдан тара­ған індетті жұқтырған науқастар бар. Біразы жазылып шықты, олар­ға сіздер әзірлеген әдістемелік нұс­қау­лық­тардың көмегі тиді ме?

– Әрине, пайдасы болды. Жақында Семейдегі коронавирус инфекциясын жұқ­тырған 1956 жылғы науқастың жағ­­дайы ауырлап, демала алмай, қан қы­сымы көтеріліп, есінен танып қала жаз­дады. Сол кезде өкпесіне жасанды желдету аппараты қойылды. Оған ем тағайындауға біздің ғалым дәрігер­лер­мен қоса қаланың, облыстың білікті дәрігерлері де атсалыс­ты. Нәтижесінде әдістемелік нұсқауда көрсетілген емді қолданып, науқасты өте ауыр жағдайдан қалыпты жағдайға түсірдік.

– Коронавирусқа шалдыққан нау­қасқа қолданған, оң нәтиже берген әдіс­теріңіз қандай? Бұл әлемдік тәжіри­беден алынды ма, әлде өздеріңіз ойлап тапқан әдіс пе?

– Сурфактант деген дәрі бар. Өкпе­де демалған кезде ауадан барған отте­гі­ні қанықтыратын альвеолла деген жұқа мембрана болады. Вирус сол мембра­наны бұзады. Сурфактант –соны қорғайтын фермент. Оның дәрілік түрі бар. Біз коронавируспен ауырған науқасқа соны пайдаландық. Әлемде мұны ешкім пайдаланған жоқ, өйткені әлемдік ғылыми баспаларды, патенттік бюроларды толық зерттеп, қарап отырамыз. Соңғы рет Израиль профессорларымен телекөпір барысында: «Сіздер сурфактантты қолдандыңыздар ма?» деп сұрағанымызда: «Жоқ, қолданған жоқпыз. Ойланып отырмыз. Қолдану керек секілді» деді. Ал бұл уақытта біз қол­данып, одан оң нәтиже алған болатынбыз.

– Сурфактантты әлгінде өзіңіз айт­қан ауыр жағдайда болған семейлік нау­қасты емдеуге қолдандыңыздар ғой.

 – Біздің медициналық штабта реани­ма­циялық команда бар. Сол жерде ақыл­дас­тық. Ақылдаса келе «Осы дәрі осыған ұқсас жағдайларда қолданылады, осыны байқап көрсек қайтеді» деп сурфактантты пайдаландық. Витаминдерді де, иммунитетті көтеретін иммуноглобуллин сияқты пентоглабин деген препаратты да қолдандық.

Орайы келгенде айта кетейін, біз­дің ғалымдар ғылыми-зерттеулермен де шұғылданып жатыр. Жақында АҚШ президенті Д.Трамп коронавирусты зерттейтін ғалымдарға 5 млрд дол­лар­ға грант жариялады. Осы грантқа елі­міз­дің атынан Түркия, Қырғызстан мем­­лекеттерімен бірге біздің универси­тет қатысқалы жатыр. Халықаралық дең­гей­де­гі ғалымдар болса, грантты ұтып алу мүмкіндігі жоғары.

 

Әңгімелескен

 Азамат ҚАСЫМ,

«Egemen Qazaqstan»

 

СЕМЕЙ