Елбасының бастамасымен құрылған «Birgemiz» қоғамдық қоры 50 мың теңге көлеміндегі әлеуметтік көмектің екінші кезеңін бастады.
«Birgemiz» қоғамдық қоры бұл көмекті берудің екінші траншын іске асыруда. Сондай көмекке ие болған жанның бірі – көкшетаулық Зинаида Челаева. Жалғызбасты кейуана 40 жыл бұрын апатқа ұшыраған. Мүгедек жанның бойында қант диабеті, өкпе демікпесі тәрізді сырқаттары бар. Денсаулығына байланысты жұмыс істемегендіктен, ең төменгі зейнетақы алатын әжейге қоғамдық қордың 50 мың теңгесі әжептәуір қолдау болатындығы шындық.
– Бұл ақшаны бөлген қайырымды жандарға мың да бір алғыс айтамын! Мен үшін үлкен қолдау. Басымды иіп ризашылығымды айтамын. Денсаулық, бақыт тілеймін! – дейді қала тұрғыны Зинаида Челаева.
Екінші кезең бойынша облыс көлемінде мүгедек жандарға, аз қамтылған отбасыларға, тұл жетімдер және ең төменгі зейнетақы алатын зейнеткерлерге таратылды.
– Бүгінде Көкшетау қаласы әкімдігі бекіткен тізім бойынша бес мыңнан астам азаматқа 50 мың теңге көлемінде көмек көрсетілді. Алғашқы кезең бойынша 3 мыңдай азаматты қамтыған болатынбыз. Бұл көмекке төтенше жағдай кезінде шынымен ауыр жағдайда қалған азаматтар қамтылды, – дейді «Birgemiz Akmola» қоғамдық қорының жетекшісі Қазезтай Дүйсенов.
Қысылтаяң шақта елімізде ешкімнің қиындықпен бетпе-бет жалғыз қалмайтндығы көп көңіліндегі сенімді ұялата түсуде.
Ақмола облысы