Бұрын «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» деуші еді үлкендер. Енді өзен мен өзектегі балықтың өзегі талатын болды.
Мұны былтыр да, биыл да балықтың қырылуымен байланыстырып отырмыз. Атырау облысындағы Приморский каналында балықтың өлгені 21 сәуірде белгілі болған еді. Каспий теңізінің Жайық өзеніне құяр сағасындағы канал бойынан бастапқыда 1 тоннадай балық өлексесі жинап алынды. Одан кейін 4 тоннадай өлі балық тағы жиналды.
Осыған орай канал суынан, топырақтан сынама алынып, зертханаға жолданды. Мамандардың болжамына сәйкес, судан алынған алғашқы сынамада оттегінің шекті мөлшерден екі еседей аз екені анықталды. Су құрамынан зиянды қоспалар мен мұнай өнімдерінің қалдығы кездеспеді.
«Қазгидромет» РМК-ның хабарлауынша, 27 сәуірде «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының аумағындағы Приморск каналында балықтардың өлу фактісі қайта анықталуына байланысты Атырау облысы бойынша филиалының қызметкерлері үшінші рет су сынамаларын жоспардан тыс іріктеу ұйымдастырылыпты.
– Гидрологиялық деректер бойынша 26-27 сәуір аралығында Жайық өзені суының деңгейі 2020 жылғы 25 сәуірдегі су деңгейінің көтерілуінен кейін төмендеуі байқалады (тәулік ішіндегі су деңгейі 5-17 см төмендеді).
Су сапасын талдау басты иондар, биогенді, органикалық және органикалық емес заттар, ауыр металдарды қоса алғанда, 39 көрсеткіш бойынша жүргізіледі. Талдау нәтижелері бойынша су лайланған, судың температурасы 15-17ºС шегінде, сутегі көрсеткіші – 6,97- 7,48, еріген оттегі – 7,1-7,2 мг/дм3, оттегімен қанығу – 71,7- 73,8 %, мөлдірлігі –5,5-7,0 см, түсі –19,5-20 градус, табиғи суға төзімді емес иіс табылған жоқ. Су сапасының бірыңғай жіктемесінің шекті нормасының асып кетуі жалпы темір бойынша – 0,5 мг/дм3 (1,7 есе асып кету) Приморск каналы іріктеу нүктесінде, «Ақжайық» бекетінен ағыс бойынша 6 км төмен, екінші нүктеде норма шегінде тіркелді, -деп хабарлады «Қазгидромет» РМК.